Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне нидерландтық маман Джон ван ‘т Схиппен келісімге келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Федерацияның хабарлауынша, маманның кандидатурасы жақын күндері өтетін Атқарушы комитет отырысында қаралады. Құжат ресми түрде мақұлданғаннан кейін тараптар келісімшартқа қол қояды.
Жаңа бапкердің штабына қазақстандық мамандар да енеді. Атап айтқанда:
- Нұрбол Жұмасқалиев – бас бапкердің көмекшісі;
- Елдос Ахметов – көмекші бапкер;
- Юрий Новиков – қақпашылар бапкері;
- Вадим Боровский – дене дайындығы жөніндегі бапкер;
- Тимур Құсайынов – аналитик.
Джон ван ‘т Схип футболшы ретінде Нидерландтың әйгілі «Аякс» клубында, Италияның «Дженоа» командасында және Нидерланд құрамасында өнер көрсеткен. Ол ұлттық құрама сапында 1988 жылғы Еуропа чемпионатының жеңімпазы атанған.
Бапкерлік мансабын «Аякс» жүйесінде бастаған маман кейін әр жылдары амстердамдық клубты, «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахарасы» мен Аустралияның «Мельбурн Сити» командаларын жаттықтырды. 2016 жылы «Мельбурн Ситимен» бірге Аустралия кубогын жеңіп алды.
Халықаралық деңгейде Джон ван ‘т Схип Грекия және Армения ұлттық құрамаларын басқарған тәжірибелі маман ретінде танымал. Оның Қазақстан құрамасындағы жұмысы ресми келісімшартқа қол қойылғаннан кейін басталады.


