Алматы қаласында көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ірі жобалардың бірі — Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба шаһардағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, қаланың батыс бағытындағы жол жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде, деп хабарлайды QazNews.kz
Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме — «BCS Construction» ЖШС жүзеге асыруда. Ал жоба сапасын бақылауды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының инженерлері тұрақты түрде қадағалап отыр. Тапсырыс беруші — Алматы қаласының әкімдігі.
Мамандардың айтуынша, жол құрылысы барысында қолданылатын материалдардың сапасы, асфальтбетон жабынының талапқа сәйкестігі және құрылыс технологиясының сақталуы кезең-кезеңімен тексеріледі. Инженерлер құрылыс алаңынан сынамалар алып, зертханалық сараптамалар жүргізуде. Бұл өз кезегінде жолдың ұзақ мерзімді пайдалануға төзімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Алматы қалалық филиалының инженері Әлібек Жақсылықтың сөзінше, мұндай ірі инфрақұрылымдық жобаларда сапа бақылауы ерекше маңызға ие.
— Қазіргі таңда Төле би көшесін ұзарту нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары тұрақты бақылауда. Біздің мамандар жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеріп, асфальт жабынына зертханалық талдау жүргізіп келеді. Негізгі мақсат — жолдың сапалы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету. Себебі жолдың беріктігі мен ұзақ қызмет етуі құрылыс технологиясының дұрыс сақталуына тікелей байланысты, — дейді Әлібек Жақсылық.
Айта кетейік, Алматыда соңғы жылдары көше-жол желісін дамытуға бағытталған бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде Саин көшесін жаңғырту, Рысқұлов даңғылындағы жолайрықтарын жетілдіру, Абай даңғылын кеңейту және қала шетіне қарай жаңа жол учаскелерін салу жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынған. Сонымен қатар, қаладағы кептеліс мәселесін азайту мақсатында магистральді көшелерді ұзарту тәжірибесі жалғасуда.
Мәселен, Момышұлы көшесін ұзарту, Саин көшесін қала шекарасына дейін дамыту және Солтүстік айналма жолына түсетін жүктемені азайтуға арналған бірқатар жобалар Алматының көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған. Мамандар бұл жұмыстар мегаполистегі көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, қала маңындағы елді мекендермен байланысты күшейтуге де ықпал ететінін айтады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Төле би көшесін ұзарту жобасы аяқталғаннан кейін тұрғындардың қатынау уақыты қысқарып, көлік ағыны бірнеше бағытқа теңдей бөлінеді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде Алматының батыс бөлігіндегі жол жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.


