17 сәуір күні Алматыдағы Республика сарайында қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның шығармашылығына арналған «Сағындым, сағым жылдар!» атты рухани кеш ұйымдастырылды, деп жазады QazNews.kz
Сыршыл да нәзік дауысымен халықтың ықыласына бөленген бірегей тұлғаны еске алуға өнердегі замандастары, қоғам қайраткерлері мен әншінің өнеріне шөліркеген қалың көрермен жиналды. Салтанатты іс-шара «Байтақ» жасылдар партиясының қолдауымен өтті. Кештің ұйытқысы әрі бастамашысы болған – партия төрағасының орынбасары Жұмабек Бастаубаев.
Кештің шымылдығы әншінің өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертетін арнайы көрмемен ашылды. Көрермендер назарына Мәдина Ералиеваның сахнада киген қайталанбас киімдері, мұрағатта сақталған сирек фотосуреттері мен жеке заттары ұсынылды. Бұл жәдігерлер жиналған қауымды сол бір асыл бейненің өнер әлеміне жетелеп, сағынышқа толы сәттерді бастан кештірді.
Сахна төрінде Мәдина Ералиеваның өшпес мұрасын ұлықтау мақсатында Майра Ілиясова, Ұлжан Айнақұлова, Айгүл Қосанова, Жеңіс Ысқақова, Жұбаныш Жексен, Мақсат Базарбай, Әлишер Кәрімов, Мирас пен Құралай, Өмірқұл Айниязов және «Кешью» тобы сынды танымал өнер иелері өнер көрсетті. Олар әншінің репертуарындағы «Ақбаян», «Күрең күз» сынды алтын қорға енген асыл туындыларды қайта жаңғыртып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ кешті белгілі актер Ғани Құлжанов пен Гүлзия Байбосынова жүргізіп, естеліктерін бөлісті.
Ұйымдастырушылар бұл кештің тек бір реттік концерт емес, ұлттық мәдениетке көрсетілген зор құрмет екенін айтады.
«Мәдина Ералиеваның өнері — ұлттың рухани байлығы. Біздің мақсатымыз — әншінің есімін ұлықтап қана қоймай, оның артына қалдырған сырлы сазын келер ұрпаққа еш бүкпесіз аманаттау», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Кеш соңында көрермендер қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған «қазақтың Ақбаянының» бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынына тағы бір мәрте көз жеткізді.


