Наурызнама онкүндігі аясында TAS GROUP компаниясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – Шаңырақ күні қарсаңында бас кеңседе өткен ұлттық ойындар сайысы, деп жазады QazNews.kz
Аталған іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлер арасында ұлттық мұраны насихаттау, дәстүрлі ойындарға деген қызығушылықты арттыру және ұжымдық бірлікті нығайту. Сайыс барысында асық ату, ләңгі тебу және тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойын түрлері бойынша тартысты бәсекелер өтті.
Әсіресе, тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылық ерекше жоғары болды. Іс-шараға арнайы тоғызқұмалақ федерациясының мамандары шақырылып, олар қатысушыларға шеберлік сағатын өткізіп, ойынның қыр-сырын жан-жақты түсіндірді. Теориялық білім тәжірибемен ұштасып, кейін шағын турнир ұйымдастырылды. Қатысушылардың белсенділігі соншалық, жаттықтырушылар алып келген 10 ойын тақтасы да жетпей қалды. Бұл – қызметкерлердің ұлттық ойындарға деген ықыласы мен қызығушылығының айқын көрінісі.
Ұлттық ойындар – халқымыздың мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Олар тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар ептілікке, ойлау қабілетіне, шыдамдылық пен шапшаңдыққа баулитын маңызды құрал. Осындай іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтар жаңғырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасады.
Компанияның Бас директоры Дулат Тастекей бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып:
«Ұлттық ойындар – біздің тарихымыз бен болмысымыздың бір бөлігі. Оларды жаңғырту арқылы біз тек дәстүрді сақтап қана қоймай, ұжым ішіндегі ынтымақты нығайтамыз. Қызметкерлеріміздің белсенділігі – осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі екенін көрсетеді», – деді.
Аталған іс-шара ұжым ішінде ерекше серпін беріп, әріптестер арасында достық қарым-қатынасты нығайта түсті. Ұлттық ойындарға деген қызығушылықтың артуы – рухани құндылықтарға деген құрметтің белгісі.
Алдағы уақытта да Наурызнама аясындағы осындай мазмұнды шаралар TAS GROUP компаниясында жалғасын тауып, ұлттық мұрамызды дәріптеуге өз үлесін қоса бермек.


