Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев жаңа Конституция елдегі тіл саясатының тұрақтылығын қамтамасыз ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды QazNews.kz
Оның айтуынша, Конституция мәтінінің қазақ және орыс тілдерінде бірдей заңды күшке ие болуы – мемлекет тарапынан барлық азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған саясаттың көрінісі.
Сондай-ақ елші Қазақстан халықаралық деңгейде Ресей үшін сенімді әрі тұрақты серіктес болып қала беретінін атап өтті.
«Қазақстан халықаралық аренада Ресейдің сенімді әрі алдын ала болжауға болатын, үйренген серіктесі болып қала беретінін айырықша атап өткім келеді. Елімізде орыс тілінің жоғары мәртебесі сақталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Конституция мәтінінің қазақ және орыс тілдерінде тең заңды күшке ие болуы – мемлекетіміздің орыс тілі мен орыс тілді халықты қорғауға бағытталған дәйекті саясатын көрсетеді», – деді Абаев.
Айта кетейік, жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум 15 наурыз күні өтті. Оның ресми қорытындылары 17 наурызда жарияланды.


