Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде мерзімді қызмет сарбазына дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz
Оқиғаға байланысты қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру өткен.
Қабылданған шешімге сәйкес әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды.
Бұдан бөлек, әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына атқарып отырған қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту жарияланды. Сондай-ақ бірқатар офицерлер мен сержанттарға қатаң тәртіптік жазалар қолданылған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қабылданған шаралар лауазымына қарамастан дербес әрі бұлтартпас жауапкершілік қағидатын ұстануды көздейді. Тергеу аяқталғаннан кейін барлық мән-жайға түпкілікті құқықтық баға беріледі.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде әскери қызметкерге күш қолданылғаны туралы дерек бойынша Гвардейск гарнизонының әскери полициясы қылмыстық іс бастағанын жазған болатынбыз.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға бөлім аумағында болған. Жақ сүйегінен жарақат алған сарбаз Алматыдағы әскери-клиникалық госпитальға жеткізілген.


