Қазақстанның жергілікті жолдарында жыл басынан бері тексерілген жол материалдарының 32%-ы талапқа сәйкес келмеген. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы 15 мыңнан астам сынаманы зертханалық тексеруден өткізді, деп хабарлайды QazNews.kz
Сонымен қатар жергілікті жолдарда 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау анықталған. Оның 214-і ғана жойылып, 1 783-і әлі жойылмаған.
Бұл деректер Астанада өткен «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» семинар-кеңесінде айтылды.
Жиында жол материалдарының сапасы, анықталған ақауларды жою, техникалық қадағалау мен мердігерлердің жауапкершілігі, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік базаны қайта қарау мәселелері талқыланды.
Іс-шара қорытындысында жергілікті жол желісінің сапасын арттыруға арналған үш жылдық жоспар әзірлеу және нормативтік құжаттарды жаңарту жөнінде ұсыныстар дайындау жоспарланып отыр.


