«Абай ұлттық мектебінің» бір топ түлегі журналистерге хат жолдады. Хат авторлары елдің талай белгілі азаматын түлеткен қарашаңырақтың бүгінгі жағдайына алаңдайтынын айтып, мектепте қордаланған мәселелерге назар аударуды сұрайды. Олардың айтуынша, ұлттық мәртебесі бар білім ордасы қазір басшылықсыз қалған, оқу процесінде жүйесіздік бар, педагогтердің жүктемесі толық қалыптаспаған, интернатта тәрбиеші жетіспейді. Жаңа ғимараттың өзінде ыстық су, суару жүйесі, асхана жабдықтары мен жатақханаға қатысты түйткілдер бар, деп хабарлайды Qaznews.kz Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл – қатардағы мектеп емес
«Абай ұлттық мектебі» – Қазақстандағы ұлттық мәртебесі бар бірегей білім ордасы. Елдің талай дүлдүлін тәрбиелеген қарашаңырақтан Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Айдос Үкібай, Дулат Тастекей, Кеңес Дүйсекеев секілді азаматтар түлеп ұшқан. Сондықтан мектеп түлектерінің алаңдауы түсінікті. Редакцияға келген хатта олар білім ошағында соңғы уақытта қордаланған мәселелерді тізіп, оның қазіргі жағдайына қоғам мен уәкілетті органдардың назарын аударуды сұрайды.
Директорсыз қалған қарашаңырақ
Хатта көтерілген ең басты мәселенің бірі – мектеп басшылығының жоқтығы. Түлектердің айтуынша, 7 шілдеден бері мектепте директор жоқ. Төрт орынбасардың да орны бос. Қазіргі уақытта интернат меңгерушісі мектеп директорының міндетін уақытша атқарып отыр. Заңнамадағы өзгерістерге байланысты директор лауазымына конкурс жарияланбаған, нақты тағайындау мерзімі де белгісіз. Бұл – оқу жылының қарсаңында шешілуі тиіс қарапайым кадрлық мәселе ғана емес. Өйткені хат авторларының мәліметінше, соңғы төрт жылда мектеп директоры төрт рет ауысқан.
«Министр ауысқан сайын директор ауысады. Мектепте жүйелі даму мен сабақтастық жоқ. Ұлттық мектепке тұрақты басшылық, нақты стратегия және ұзақмерзімді даму жоспары қажет. Бір басшы бірнеше жыл жұмыс істеп, мектептің қалыптасқан дәстүрін жалғастырып, жаңа деңгейге шығаруы керек», делінген редакцияға жолданған хатта.
Мектеп айналасында министрлік өзіне жақын адамды басшылыққа әкелуге тырысып жатыр деген алаңдаушылық та бар екені хатта айтылады. Әрине, бұл – хат авторларының пікірі және оны ресми расталған факт ретінде қабылдауға болмайды. Алайда мұндай күдіктің өзі кадр тағайындау процесінің ашықтығына қатысты сұрақ туғызады.
«Абай мектебі – біреудің кадрлық эксперимент жасайтын орны емес. Мұнда басшыны жеке ықпалға емес, кәсіби біліктілігіне, басқару тәжірибесіне және мектептің ұлттық миссиясын түсінуіне қарай таңдау керек. Бұл – талай тұлғаны түлеткен қарашаңырақ», дейді түлектер.
Бірінші қыркүйекке сабақ кестесі дайын болмаған
Түлектер көтерген келесі мәселе – оқу процесінің ұйымдастырылуы. Хатта 1 қыркүйекке сабақ кестесі толық дайын болмағаны, оқу жылы басталған күні кесте жасалып жатқаны жазылған. Қысқа және орта мерзімді жоспарлар да бекітілмеген деген ақпарат бар.
Сонымен қатар биыл мектепке қабылданған балалардың бір бөлігі оқу орнына келмеген. Жоғары сыныптардан да оқушылардың басқа мектептерге ауысқаны айтылады. Ал бос орындарға резервтен бала қабылдау үшін қосымша конкурс уақытында жарияланбаған. Нәтижесінде кейбір сыныптар толық жасақталмай қалған.
Редакцияға жолданған хатта бұл жағдайдың салдары былай сипатталған: «Балалардың бір бөлігі келмегені белгілі бола тұра, резервтен оқушы қабылдау бойынша қосымша конкурс уақытында жарияланбады. Соның салдарынан кейбір сыныптар бос қалды. Бұл тек білім процесіне емес, мұғалімдердің жүктемесіне де әсер етіп отыр».
Мұғалімнің кінәсі не?
Оқушы санының толық болмауы педагогтердің оқу жүктемесіне тікелей әсер етеді. Сағат азайғандықтан, мұғалімдерге толық ставка беру мүмкіндігі төмендейді. Ал заң талаптарына сәйкес, жүктемесі жоқ педагогке толық жалақы төлеу мүмкін емес.
Яғни қабылдау процесіндегі мәселенің салмағы мұғалімге түсіп отыр. Редакцияға келген хатта «Мұғалім оқушының мектепке келмей қалғанына жауапты емес. Бірақ оқушы санының азаюы оның жүктемесіне әсер етеді. Соның салдарынан өз кінәсі жоқ педагогтің жалақысы төмендейді. Бұл тәжірибелі ұстаздардың мектептен кетуіне алып келуі мүмкін» екені жазылған.
Түлектердің пікірінше, бұл мәселе шұғыл шешілмесе, мектептегі кадр тұрақсыздығы одан әрі күшеюі ықтимал.
Интернатта тәрбиеші жетіспейді
«Абай» мектебінің тағы бір ерекшелігі – оның интернат жүйесінде жұмыс істеуі. Сондықтан оқушының қауіпсіздігі мен тәрбиесі сабақ уақытынан тыс кезеңде де толық қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда хат авторлары интернатта тәрбиешілер жетіспейтінін айтып отыр.
«Интернат мектепте әр сыныпқа жеке тәрбиеші бекітілуі тиіс. Қазір тәрбиешілер жетіспейді. Сабақтан тыс уақытта балалардың қадағалануы толық қамтамасыз етілмей отыр. Бұл – ең алдымен балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе», дейді олар.
Жатақханадағы жағдай қандай?
Түлектерді алаңдататын тағы бір мәселе – жатақхана. Хатта қыздар мен ер мұғалімдердің бір ғимаратта тұрып жатқаны айтылған. Ал жаңа жатақхананың құрылысы әлі аяқталмаған. Оның пайдалануға берілу мерзімі қараша айы деп көрсетілген.
«Балалардың қауіпсіздігі кез келген басқа мәселеден маңызды. Жаңа жатақхана қашан бітетіні туралы уәде жеткіліксіз. Қазіргі уақытта балалардың қауіпсіздігі қандай деңгейде қамтамасыз етіліп отырғаны нақты түсіндірілгені жөн» дегенді де алға тартып отыр.
10 миллиард теңгелік жаңа ғимаратта ыстық су мәселесі бар
Биыл мектеп шамамен 10 млрд теңгеге салынған жаңа ғимаратқа көшті. Алайда хат авторлары жаңа нысанның өзінде бірқатар тұрмыстық және техникалық мәселе бар екенін жазады. Соның бірі – ыстық су. Мектеп пен жатақханада ыстық су мәселесі толық шешілмеген. Орнатылған бойлерлердің қуаты қажеттілікті қамтамасыз етуге жеткіліксіз болуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.
«Жаңа ғимарат пайдалануға берілді. Бірақ балалар мен қызметкерлер үшін ең қарапайым тұрмыстық жағдайдың бірі – ыстық су мәселесі әлі толық шешілмеген. Егер бойлерлердің қуаты жеткіліксіз болса, бұл мәселе нысанды жобалау және қабылдау кезінде неге ескерілмеген деген сұрақ туындайды», деп көрсетілген хатта.
Бұған қоса, жаңа отырғызылған ағаштардың 80 пайызы қураған. Жаңа ғимараттың айналасындағы абаттандыру жұмыстары да түлектердің назарынан тыс қалмапты. Хатта аумақта суару жүйесі орнатылғанымен, оның толық жұмыс істемейтіні жазылған. Құжаттардың реттелмеуі, тау суының болмауы сияқты себептер келтіріледі. Нәтижесінде жаңадан отырғызылған ағаштардың шамамен 80 пайызы қурап қалған деген ақпарат бар.
«Суару жүйесі бар, бірақ су берілмейді. Тау суы жоқ, құжат мәселесі шешілмеген. Соның салдарынан жаңадан отырғызылған ағаштардың шамамен 80 пайызы қурады. Мемлекеттік қаржыға жасалған абаттандырудың нәтижесі осындай болғаны өкінішті», делінген хатта.
Сонымен қатар, түлектер асханадағы технологиялық жабдықтың бір бөлігі істен шыққанын да алға тартады. Бұл ретте нысанның мердігерден толық қабылдануы мәселесі де сұрақ туғызады.
Хат авторларының айтуынша, мектеп ғимараты мердігерден толық қабылданып үлгермеген. Қабылдау-тапсыру құжаттары реттелмеген, анықталған ақаулардың тізімі мен оларды түзету мерзімі нақты бекітілмеген.
Егер нысан толық қабылданбаса, онда анықталған кемшіліктер кімнің жауапкершілігінде? Ақаулардың нақты тізімі бар ма? Мердігер оларды қашан жояды? Бұл сұрақтардың жауабы ашық болуы керек, деп есептейді түлектер.
Мемлекеттік Ту бір айға жуық жыртық тұрған
Ұлттық мектепте мемлекеттік рәмізге қатысты мәселенің туындауы да түлектердің көңілін қалдырып отыр. Хатта мектеп аумағындағы Мемлекеттік Тудың бір айға жуық уақыт жыртық күйінде тұрғаны айтылады.
Абайдың атымен аталатын ұлттық мектепте Мемлекеттік Туға деген құрмет ерекше болуы тиіс. Жыртық Тудың бір айға жуық уақыт ауыстырылмай тұруы – жауапты адамдардың бақылауына қатысты сұрақ болып тұр.
Түлектер жаңа оқу жылының алғашқы күніндегі шараның ұйымдастырылуына да сын айтады. Хат авторларының мәліметінше, жауапты ұйымдастырушы болмағандықтан, 1 қыркүйек шарасы төмен деңгейде өткен.
Қонақтар шақырылмаған. Ал бұл мектептің түлектері арасында елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері аз емес.
Ал ең үлкен қоғамдық сұрақтардың бірі – министрлік жүргізген аудитке қатысты.
Аудиттен кейін мектепке байланысты шамамен 10 млрд теңгенің заңбұзушылығы бары туралы ақпарат тараған. Егер бұл ақпарат ресми құжатпен расталса, мәселе өте маңызды. Бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты заңбұзушылық анықталса, оның нақты сипаты, сомасы және жауапты тұлғалар ашық көрсетілуі тиіс. Алайда мектеп түлектері бұл ақпараттың қоғамға берілуіне қатысты өз уәжін айтып отыр.
«Біз заңбұзушылықты жасыруды немесе жауапты адамдарды ақтауды сұрамаймыз. Бірақ балансқа толық өткізіліп үлгермеген мүліктің өзін миллиардтаған теңгенің заңбұзушылығы ретінде көрсетуге болмайды. Аудит қорытындысындағы әрбір соманың нақты негізі көрсетілуі керек. Қоғамға мәселенің мән-жайы толық түсіндірілмей, тек үлкен соманы алға шығару мектептің беделіне нұқсан келтіреді», деп жазады түлектер.
Осы жерде өте маңызды сұрақ туындайды: аудит қорытындысында нақты қандай заңбұзушылықтар көрсетілген?
Қай нысан бойынша? Қандай сома? Қандай заң нормасы бұзылды? Кім жауапты? Бұл сұрақтардың жауабы ашық болуы тиіс. Өйткені мектептің атына көлеңке түсіретін ақпарат тараса, оған мектеп әкімшілігі ғана емес, оны таратқан мемлекеттік орган да жауапкершілікпен қарауы керек.
Түлектер көтерген мәселелердің қатарында «Өрлеуден» қалған шамамен 300 млн теңге гранттың тағдыры да бар. Бұл қаражаттың қазіргі мәртебесі қандай? Қандай мақсатқа жұмсалады? Мектептің дамуына бағыттала ма? Хат авторлары осы сұрақтарға нақты жауап қажет деп есептейді.
Бір қарағанда, директордың жоқтығы, төрт орынбасардың бос тұруы, сабақ кестесінің уақытында жасалмауы, мұғалімдердің жүктемесі, тәрбиеші тапшылығы, жатақхана мәселесі, ыстық су, суару жүйесі, қураған ағаштар, асхана жабдығы, Мемлекеттік Ту, аудит және қаржы – бір-біріне қатысы жоқ мәселелер сияқты. Бірақ түлектердің редакцияға жолдаған хатына зер салсақ, олардың барлығы бір ортақ мәселеге келіп тіреледі. Ұлттық мектепке деген мемлекеттік жауапкершілік қай деңгейде? Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл мектепті шын мәнінде қалай көргісі келеді?


