Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Ол бұл туралы Бішкекте өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде мәлімдеді.
Журналистер бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы соғысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді қайта бастау жөніндегі ұсынысын еске салып, Ресей басшысының осы бастамаға көзқарасын сұрады.
Путиннің айтуынша, бұл мәселе Тоқаевпен жеке кездесулер барысында талқыланбаған.
– Біз бұл тақырыпты мүлде қозғаған жоқпыз. Президент Тоқаев өз ұсынысын жария түрде айтты. Кейін бұл мәселеге қайта оралмадық. Әрине, біз тек уақытша бітімге ғана емес, соғыстың толық аяқталып, Украинада да, жалпы Еуропада да ұзақ мерзімді әрі тұрақты бейбітшілік орнағанын қалаймыз, – деді Ресей президенті.
Тоқаев қандай ұсыныс айтқан еді?
Еске салайық, 25 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумына қатысу үшін Омбы қаласына барған болатын.
Кездесу барысында Қазақстан президенті Ресей мен Украина арасындағы әскери іс-қимылдарды уақытша тоқтатып, келіссөздерді «Стамбул 2.0» форматы аясында қайта жандандыру мүмкіндігін қарастыру қажет екенін айтқан.
Тоқаев қазіргі қақтығыстың табиғаты күрделі екенін атап өтіп, оны өзге өңірлік жанжалдармен салыстыру қиын екенін жеткізген.
Президенттің пікірінше, Әзербайжан мен Армения арасындағы текетірестің тарихи себептері мен алғышарттары айқын болса, Ресей мен Украина арасындағы жағдайдың сипаты өзгеше әрі әлдеқайда күрделі.


