«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы филиалы жыл басынан бері қалалық көше желілерінің сапасын тексеріп, жол құрылысы жұмыстарына бақылау жүргізуде. Мекеме 2024 жылдың қаңтарында «Алматы қаласы бойынша қалалық мобильдік басқармасы» КММ-мен көше-жол желісі бойынша жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізуге 150 млн.теңгеге келісімшарт жасалды. Келісімшарт негізінде жұмыстар толық аяқталыпты.
Ведомствалық сараптама жүргізуге 90 млн тг бөлінді. Жыл басынан Алматының 8 аудан әкімдіктерімен 80 млн.тг ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексеру бойынша келісімшарт жасалды. 2024 жылдың басынан ЖАСҰО Алматы филиалының мамандары 526 мәрте тексеріске шықты. Жолдағы асфальт қабатынан, құрылыс барысында 1083 сынама алынды. Осы алынған сынаманың 172-сі талаптарға сәйкес болмай шықты. Сол сәйкессіздіктің 93-і қазіргі таңда мердігер тарапынан жойылды.
Аталған мекеменің Алматы қалалық филиалын басқаратын Мәулен Әліповтің айтуынша, Алматыда биыл 6 нысан бойынша сапаны тексеру жұмыстары жүзеге асқан. Ал мегаполис жолдары өзге аймақтарға қарағанда көш ілгері.
«Біздің есептеулеріміз бойынша, қалалық жолдардың 86%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Ал 2024 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 92%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Биыл Алматыдағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында біздің мекеме белсенді жұмыс атқаруда. Тіпті, жол сапасын бақылау, қадағалау ісіне қатысты ел президенті де, Үкімет басшысы да тапсырма беріп жатыр. Алматыда Сайын даңғылы мен Ақын сара көшесіндегі жаңа жолайрық 95% дайын. Ал орташа жөндеу бойынша да жұмыстар аяқталуға жақын», деді Мәулен Тоқтарбайұлы.
Бүгінде Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жаңа төселген асфальтбетон қабатынан сынамалар алу, құрылыс материалдарын тексеру, жол төсеу технологиялар қадағалау бойынша да жұмыстарды жалғастыруда. Биыл Алматыда ұзындығы 250 шақырым болатын 247 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде негізгі 20 магистраль көше де қамтылған.