Қазақстанда ауқатты азаматтарға салық салу мәселесі бір ай ішінде зерделеніп, нақты ұсыныстар әзірленуі керек. Бұл жөнінде Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігіне тапсырма берді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне басқа елдерде ауқатты адамдарға салық салу тәжірибесін зерттеп, Қазақстанға қолайлы нұсқаларды бір ай ішінде ұсынуды тапсырды.
Сонымен қатар ведомство жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеп, оларды басқа мемлекеттік органдармен келісуі қажет.
Ал Қаржы министрлігіне өңірлерде салық жинау тиімділігін арттыру, көлеңкелі экономиканың жолын кесу және салық пен кеден жүйелерін цифрландыру міндеті жүктелді. Бұл жұмыста жасанды интеллект технологияларын да пайдалану көзделіп отыр.


