Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтарының сақталуына жүргізген талдау барысында білім беру ұйымдарында ыстық тамақпен қамтамасыз ету қызметін көрсететін кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңсыз тексеру шараларының жүргізілгенін анықтады, деп жазады QazNews.kz.
Ведомствоаралық сараптамалық топтар облыстағы 34 мектепте шарттардың, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың болуын, ас блоктарының, өндірістік үй-жайлардың, жабдықтар мен тоңазытқыш камералардың жай-күйін тексерген.
Аталған тексеру іс-шаралары кәсіпкерлік субъектілерде тексеру жүргізу тәртібін бұза отырып жүргізілген.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде заң бұзушылықтарға жол берген білім бөлімдерінің 7 маманы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 175-бабы (кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін бұзу) бойынша әкімшілік жауаптылыққа, ал 8 аудандық білім бөлімінің басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және олардың қызметіне заңсыз араласуға жол бермеу бағытындағы қадағалау жұмысын жалғастырады.


