Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының прокуратурасы құны 272 млн теңге болатын автомобиль жолын күрделі жөндеуге арналған мемлекеттік сатып алулар барысында заңбұзушылықтарды анықтады, деп жазады QazNews.kz.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұзындығы 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге шарт жасасқан.
Тексеру барысында бюджет заңнамасының бұзылғаны, жоспарланған жұмыстардың мәлімделген жөндеу түріне сәйкес келмейтіні, сондай-ақ аталған жол учаскесіне асфальт төсеу қажеттілігінің экономикалық негіздемесі жоқ екені анықталды.
Прокуратураның наразылығы негізінде шарт бұзылып, 272 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Жол берілген заңбұзушылықтар үшін аталған бөлімнің басшысы «қатаң сөгіс» жарияланды.
Заңдылықты қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.


