Жетісу облысына қарасты Жаркент қаласында жантүршігерлік оқиға болды. Әйел адам өзге де балаларының көзінше баласын батареяға байлап, аяусыз соққыға жыққан, деп жазады QazNews.kz
Видеода әйел адам баласын ақ матамен батареяға байлап, жерге жатқызып аяусыз ұрып жатқаны анық көрінеді. Бір сәтте әйел адам баласының басынан да тепкілеп жатады.
Бұл дерекке қатысты облысты полиция департаменті пікір білдірді. Жаркент қаласындағы WhatsApp топтарында таралған бейнежазба фактісі бойынша Панфилов аудандық полиция қызметкерлері жедел түрде тексеру жүргізген. Тексеру барысында 28 жастағы әйелдің кәмелетке толмаған баласына дене жарақатын салғаны анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Екі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жайды анықтағанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды.
Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданатын болады.
Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
