Қазақстанда сиыр етінің бағасы жақын уақытта күрт қымбаттамайды. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елде сиыр етінің орташа бағасы бір келісі үшін 3,8 мың теңгені құрайды.
«Астанада сиыр еті 3,8 мың теңгеден 4 мың теңгеге дейін және одан жоғары бағамен сатылып жатыр. “Шапағат” базарында еттің келісі шамамен 3,9 мың теңге болса, “Артем” сауда орталығында 4,4 мың теңгеге жетеді. Қазіргі уақытта бағаның күрт өсуіне негіз болатын факторларды көріп отырған жоқпыз», – деді Назгүл Хатепова.
Оның сөзінше, ішкі нарық отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етілген. Өткен жылы Қазақстанда 434 мың тонна сиыр еті өндірілген.
Биыл да өндіріс көлемінің өсіп келе жатқаны байқалады. Министрлік осыған байланысты елдегі ет қоры жеткілікті екенін және нарықта тапшылық туындамайтынын атап өтті.
Сондықтан ведомство өкілдері қазіргі жағдайда сиыр еті бағасының күрт көтерілуі күтілмейтінін айтып отыр.


