Дүйсенбі, 23 ноября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚазақстанда қылмыс құрбандарына берілетін өтемақы екі есе өсуі мүмкін

Қазақстанда қылмыс құрбандарына берілетін өтемақы екі есе өсуі мүмкін

Қазақстан Ішкі істер министрлігі қылмыстан зардап шеккен азаматтарға төленетін өтемақы мөлшерін екі есе арттыруды қолдады. Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева әріптестерімен бірге Жәбірленушілерге өтемақы қорындағы қаражаттың басым бөлігі игерілмей жатқанын айтқан болатын. Оның мәліметінше, 2018 жылғы шілдеден 2026 жылғы шілдеге дейін қорға 9,3 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Алайда зардап шеккендерге небәрі 855 миллион теңге төленген. Ал шамамен 8,5 миллиард теңге пайдаланылмаған.

Қазір біржолғы өтемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін белгіленген. Бұл төлем кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына, азаптаудан зардап шеккендерге, қылмыс салдарынан АИТВ жұқтырған азаматтарға, денсаулығына ауыр зиян келген адамдарға, сондай-ақ қаза тапқандардың жақын туыстарына беріледі.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, өтемақы төлеу кезінде бірнеше мәселе туындайды. Атап айтқанда, азаматтардың жеке деректеріндегі қателер, банк шотының дұрыс көрсетілмеуі немесе алушылар туралы ақпараттың толық болмауы төлемнің кешігуіне себеп болады. Соның салдарынан ақша кері қайтарылып, өтемақыны рәсімдеу ұзаққа созылады.

Осыған байланысты министрлік өтемақы мөлшерін 30, 40 және 50 АЕК-тен тиісінше 60, 80 және 100 АЕК-ке дейін арттыруды ұсынып отыр.

2026 жылғы есеппен жаңа мөлшердегі өтемақы 259 500 теңгеден 432 500 теңгеге дейін жетеді.

Ведомство өкілдері өтемақы мөлшері тиісті нормалар қолданысқа енгізілгеннен бері өзгермегенін мойындады. Ал осы уақыт ішінде емделу, оңалту және жерлеу қызметтерінің құны қымбаттаған.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігі өтемақы тағайындау тәртібін автоматтандыруды ұсынып отыр. Ол үшін алушылардың тізімі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміндегі деректер негізінде жасалып, азаматтарға өтемақы алуға құқығы бар екені туралы SMS-хабарлама жіберілмек.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр