Жұма, 7 августа, 2026
spot_img
Басты бетАйтарым барМектеп асханасындағы тендер дауы: «30 жылдық еңбегімізден айырмақ»

Мектеп асханасындағы тендер дауы: «30 жылдық еңбегімізден айырмақ»

Алматыдағы мектеп асханаларын ұйымдастыруға қатысты мемлекеттік сатып алу конкурстарының айналасында дау туындады. 1996 жылдан бері қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» ЖШС директоры Назира Рыспекова мемлекеттік сатып алу кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгенін айтып, құзырлы органдардан тексеріс жүргізуді талап етеді, деп хабарлайды Qaznews.kz Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

Кәсіпкердің айтуынша, компания 30 жылға жуық уақыт бойы мектеп асханаларын басқарып, 80-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып келеді. Алайда биылғы наурыз айынан бастап кәсіпорын бірнеше мектеп бойынша мемлекеттік сатып алу барысында қиындықтарға тап болған.

«Бұл нарықта біздің әулетіміз отыз жылдан бері еңбек етіп келеді. Алдымен анам айналысты, кейін мен жалғастырдым. Осы уақытқа дейін ешқандай дау болған емес. Бірақ биылғы наурыздан бастап түсініксіз жағдайларға тап болдық», – дейді Назира Рыспекова.

«Тендерді біреу ұтады, жұмысты басқа біреу атқарады»

Кәсіпкердің сөзінше, Алматыдағы №206, №207, №221, №10, №74 және №224 мектептерде мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы ретінде бір компания көрсетілгенімен, асханаларда нақты қызметті басқа кәсіпкерлер атқарып жатыр.

«Заң бойынша тендерді ұтып алған компания шарттағы міндеттемелерді өзі орындауы тиіс. Бірақ біз бірнеше мектепте мүлдем басқа адамдардың жұмыс істеп жатқанын анықтадық. Тіпті конкурсқа қатыспаған кәсіпкерлер сауда жүргізіп отыр деп есептейміз», – дейді ол.

Рыспекованың айтуынша, аталған мектептерде жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген «Үміт Бунгало draive» және «Али Айя» атауларымен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қызметі байқалған.
Сондай-ақ ол сатып алушылардан түсетін QR-төлемдер де келісімшарттағы ресми жеткізушінің емес, өзге тұлғалардың есепшоттарына аударылып жатқанын алға тартады.

«Егер QR арқылы төленген қаражат ресми жеткізушінің шотына емес, басқа адамның есепшотына түсіп жатса, бұл шарт талаптарына қайшы келеді деп есептеймін. Мұндай мәселеге құқық қорғау және бақылаушы органдар назар аударуы керек», – дейді кәсіпкер.

«Бәрі дипломдарды тексеруден басталды»

Назира Рыспекованың айтуынша, дау бұрын білім саласында қызмет атқарған заңгер әрі консультант Досымжан Балтабаевтың шағымынан кейін басталған. Кәсіпкердің сөзінше, шағым негізінде оның қызметкерлерінің дипломдарына тексеріс жүргізіліп, кейін аудит қорытындысында кейбір құжаттар жарамсыз деп танылған.

«Менің ойымша, бұл тексерістің түпкі мақсаты – бізді нарықтан ығыстырып, басқа адамдардың кіруіне жол ашу болды. Қазір даулы мектептерде жұмыс істеп жүргендердің арасында осы іске қатысы бар адамдардың жақындары бар деп санаймын», – дейді Рыспекова.

Бұл мәлімдемелерге қатысты аталған тұлғалардың ұстанымы әзірге белгісіз.

Кәсіпкер сот шешімімен келіспейді

«Болашақ» ЖШС мемлекеттік сатып алу нәтижелеріне байланысты ішкі мемлекеттік аудитке шағым түсіргенімен, кәсіпкер оның нәтижесіне қанағаттанбағанын айтады. Кейін мәселе сотқа жеткен. Сот конкурс қорытындысын өзгеріссіз қалдырып, жаңа жеңімпазбен 18 наурызда жасалған келісімшартты заңды деп таныған. Осылайша Татьяна Неумявакина жеңімпаз мәртебесін сақтап қалған.

Алайда Назира Рыспекова бұл шешіммен келіспейтінін айтып, жоғары тұрған сот сатыларына және уәкілетті органдарға шағымдануға ниетті екенін жеткізді.

«Мен бұл шешіммен келіспеймін. Барлық жағдайға жан-жақты әрі тәуелсіз тексеріс жүргізілгенін қалаймын. Егер бәрі заң аясында болса, оған да көз жеткізу қажет», – дейді ол.

Құзырлы органдардан тексеріс сұрайды

Кәсіпкер мектеп асханаларын ұйымдастыру саласында мемлекеттік сатып алу талаптарының нақты орындалуына кешенді тексеріс жүргізу қажет деп есептейді. Оның пікірінше, конкурс жеңімпазы мен қызметті нақты атқарушы тұлғалардың сәйкестігі, бюджет қаражатының жұмсалуы, сондай-ақ QR-төлемдердің қай шоттарға түсіп жатқаны жан-жақты зерттелуі тиіс.

Айта кетейік, Назира Рыспекова көтерген жайттар оның жеке мәлімдемелері болып табылады. Бұл мәселелер бойынша түпкілікті құқықтық бағаны құзырлы мемлекеттік органдар мен сот қана бере алады.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр