Сейсенбі, 11 августа, 2026
spot_img
Басты бетӘлемКолумбиядағы алапат жер сілкінісі: құрбандар саны 132 адамға жетті

Колумбиядағы алапат жер сілкінісі: құрбандар саны 132 адамға жетті

Колумбияның Тынық мұхиты жағалауында болған қуатты жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 132 адамға жетті. Сонымен қатар, 87 адам жарақат алған. АҚШ Геологиялық қызметінің дерегіне сәйкес, жер сілкінісінің магнитудасы 7,4 балл болған, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Жерасты дүмпуі дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:34-те тіркелді. Оның эпицентрі Сан-Хосе-дель-Пальмар ауылының маңында орналасқан, ал ошағы жер бетінен 107 шақырым тереңдікте болған.

Табиғи апаттан кейін ел билігі бүкіл аумақта төтенше жағдай режимін енгізді.

Жақында өткен сайлаудан соң қызметіне кіріскен президент де ла Эсприэлья зардап шеккен аймақтарға мемлекеттік ресурстар толық көлемде бағытталғанын мәлімдеді.

– Үкімет тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету және қажетті қолдау жеткізу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Қазіргі басты мақсат – үйінді астында қалған азаматтарды құтқару, – деді мемлекет басшысы.

Елдегі халық саны бойынша үшінші ірі қала саналатын Калидің мэрі Алехандро Эдердің айтуынша, бастапқы мәліметтер бойынша 18 адамның қаза тапқаны анықталған. Оның сөзінше, қалада кемінде 20 ғимарат құлаған. Кейіннен құрбандар санының айтарлықтай өскені белгілі болды.

Чоко департаментінің губернаторы Нубия Каролина Кордоба көптеген адамның зардап шеккенін хабарлағанымен, нақты статистиканы келтірмеді. Оның мәліметінше, өңір орталығы Кибдо қаласында бірқатар ғимаратқа зақым келіп, жараланғандар тіркелген.

Ал көршілес Рисаральда провинциясының губернаторы Хуан Диего Патино Blu Radio радиосына берген сұхбатында Перейра қаласындағы бірнеше нысанның қатты бүлінгенін айтты.

– Жағдай өте күрделі. Көрініс ауыр: жараланған адамдар көп, ғимараттардың қасбеттері қирап жатыр, – деді губернатор.

Жер сілкінісінің әсері эпицентрден шамамен 400 шақырым қашықтағы Богота қаласында да сезілді. Астанада бағдаршамдар мен ағаштар шайқалып, тұрғындар қауіптеніп көшеге шыққан. Кейбір ғимараттардан адамдар шұғыл эвакуацияланды.

Алайда кейінірек Богота мэрі Карлос Галан әлеуметтік желідегі парақшасында қала аумағында айтарлықтай зақым тіркелмегенін мәлімдеді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр