Қазақстан Ұлттық банкі келесі жылдан бастап ел азаматтарының жалпы қарыз көлемін шектеу туралы маңызды бастама көтеріп отыр. Жаңа ережеге сәйкес, бұдан былай екінші деңгейлі банктер несие беру кезінде клиенттің тек ай сайынғы төлемін ғана емес, оның мойнындағы барлық қолданыстағы міндеттемелерін де есепке алуға міндеттеледі, деп хабарлайды, QazNews.kz
Тексерілетін қарыздардың қатарына ипотека, автонесие, бөліп төлеу (рассрочка) және микроқаржы ұйымдарынан алынған қарыздар (микрозаймдар) толықтай кіреді.
Ұлттық банк қазақстандықтардың максималды несие жүктемесін азаматтың 8 жылдық табысынан аспайтын деңгейде белгілеуді ұсынып отыр. Мәселен, еліміздегі орташа жалақы алатын тұрғындар үшін бұл шекті көрсеткіш шамамен 44 миллион теңгені құраса, медиандық жалақы иелері үшін қарыздың ең жоғарғы шегі 32 миллион теңгеге жуықтайды. Бұл ретте көрсетілген соманың ішіне азаматтың бұрыннан бар барлық несиелері де енетінін ескеру қажет.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл шара халықтың шамадан тыс несиеге батуының алдын алу және қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін енгізілмек. Түзетулер мақұлданған жағдайда, 2027 жылдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие беру саясаты айтарлықтай қатаңдауы мүмкін.


