«Алатау» дәстүрлі өнер театрының XI маусымы көрерменге «Қорлан» драмасын ұсынды. Арухан Темірбекқызы режиссерлік еткен қойылымның өзегінде белгілі әнші, ақын Естай мен аңызға айналған Қорлан арасындағы кіршіксіз махаббат жатыр. Алайда сахнадағы бұл сезім хикаясы екі адамның тағдырымен ғана шектелмейді. Қойылымға тереңірек үңілген сайын жеке адамның қасіретінен халықтың тағдырын, бір әйелдің көз жасынан тұтас дәуірдің шерін көруге болады, деп хабарлайды qaznews.kz.
«Қорлан» десе, ең алдымен Естайдың әні еске түседі. Бұл әннің өзінде бір дәуірдің мұңы, бір халықтың жүрек сөзі, адам баласына ортақ ұлы сезімнің табы бар.
Қазақстанның халық әртісі, Досхан Жолжақсыновтың пайымдауынша, ұлттық дүниені сахнаға шығарғанда оның табиғатын жоғалтпау аса маңызды.
«Мен өз басым ұлттық дүниелерді бүгінгі заманның сахналық шешімдеріне оп-оңай қия салатын адам емеспін. Өйткені ұлттық өнердің өз болмысы, өз мінезі, өз киесі бар. Оны заманауи формаға саламын деп табиғатынан ажыратып алуға болмайды. Бірақ орны табылған, қисыны келген дүние көкірегіңнен өзіне орын алып, кейін жемісін бере бастайды», —дейді өнер қайраткері.
Оның айтуынша, «Қорланда» режиссерлік шешімнің әсіресе спектакльдің басталуы мен аяқталуында үлкен мағыналық жүк бар.
«Қазақ қызының ұзатылуы, қызыл киім, сәукеле — мұның бәрі халқымыздың ғасырлар бойғы танымымен астасып жатыр. Қазақта қызды ұзатқанда қызылға киіндірген. Сәукеле де сол салтанаттың бір белгісі. Ал спектакльдегі ақ сәукеле мен оның сахналық мағынасы маған өзгеше әсер етті. Оны мен о дүниелік елестей, бұл дүниеден тыс бір жалған дүниелік бұйымдай қабылдадым. Бұл — режиссердің сәтті тапқан шешімдерінің бірі», —дейді Досхан Жолжақсынов.
Шынында да, қойылымда әрбір детальдың өзіндік тілі бар. Қорлан — бір адамның аты болғанымен, сахнада ол бір ғана әйел болып қалмайды. Ол —мыңдаған ананың, жардың, қыздың үнін арқалаған бейне. Оның тағдырынан аштықтың зары, қуғын-сүргіннің ащы табы, соғыстың қаралы көлеңкесі сезіледі. Бірақ Қорланның басты ерекшелігі — оның сынбауында. Жаны жараланса да, рухы мұқалмайды.
Осы тұрғыдан алғанда Қорлан бейнесі қазақ әйелінің нәзіктігі мен қайсарлығын бір бойына жинаған тұлға ретінде көрінеді.
Бірінші құрамда Қорлан рөлін сомдаған Гүлнафис Салыққызы да кейіпкердің күшін оның сыртқы болмысынан емес, ішкі әлемінен іздегенін айтады.
«Мен үшін батырлық — сыртқы кескін-келбетпен өлшенетін қасиет емес. Батырлық адамның ішкі жан дүниесінде, жүрегінің беріктігінде, тағдырдың сынына қарсы тұра білетін сабырында жатыр. Сондықтан мен Қорланды да ең алдымен сыртқы болмысымен емес, ішкі қуатымен көрдім», —дейді актриса.
Гүлнафис Салыққызының Қорланы нәзіктігін жасырған, еркіндікті сүйетін, өр мінезді қыз ретінде көрінеді. Оның үстіндегі шалбар, бозбалаға ұқсас жүрісі мен еркін қылығы да осы мінездің сахналық белгісіне айналған.
Актриса Қорланды ер адамға ұқсату арқылы қайсар етуді мақсат етпегенін ерекше атап өтеді.
«Мен анамын. Сондықтан Қорланды сахнада ер адамға ұқсатқым келген жоқ. Қайта әйел қалпын сақтай отырып, әйелдің бойындағы қайсарлықты көрсеткім келді. Себебі мықты болу үшін әйел өз нәзіктігінен бас тартуы шарт емес. Нәзіктік пен беріктік бір-біріне қарама-қайшы қасиет емес. Керісінше, кейде әйелдің ең үлкен күші — оның нәзіктігінде, сабырында, үнсіз көтерген ауырлығында жатады», — дейді ол.
Бұл ой спектакльдің жалпы табиғатымен де үндеседі. Қорланның тағдырға көнуі — рухани жеңіліс емес. Ол ауыртпалықты айқаймен емес, сабырмен көтереді. Оның үнсіздігі әлсіздікке емес, ішкі беріктікке айналады.
«Мен Қорланды ойнаған жоқпын десем де болады. Мен оған өз ішімдегі әйелді салдым. Өзім көргенді, өзім сезінгенді, өзім үнсіз көтерген нәрселерді оның болмысына сіңіруге тырыстым», — дейді Гүлнафис Салыққызы.
Екінші құрамдағы Бибігүл Орынбасардың Қорланы да алғашқы құрамдағы бейнеден бөлек сипатқа ие. Ол — еркелеу, еркін өскен, өжет әрі пысық қыз. Мінезінде аңғалдық пен ақкөңілділік қатар өріледі. Бірақ екі актрисаның сомдауындағы Қорланды біріктіретін ортақ өзек бар: жүректің тазалығы, сезімнің шынайылығы және рухтың беріктігі.
Бибігүл Орынбасар үшін бұл рөлдің ең үлкен қиындығы — тарихта «Естайдың Қорланы» болып қалған әйелдің болмысын сахнада қайта тірілту.
«Естай мен Қорланның махаббаты — қазақ тарихында да, халық жадында да айрықша орын алған асыл хикая. Бір әннің ішіне тұтас бір ғұмырдың мұңын, бір жүректің сағынышын, бір махаббаттың мәңгілік сырын сыйғызған Естайдың «Қорланы»— мен үшін жай ғана ән емес, тағдырдың үні», — дейді актриса.
Оның айтуынша, Қорлан бұрын сомдаған кейіпкерлерінің ешқайсысына ұқсамайды.
«Қорланның табиғаты бөлек. Оның бойында өжеттік те, батылдық та, қайсарлық та бар. Кейде тіпті еркекше өктем мінез танытатын еркіндігі, сонымен бірге еркелігі мен нәзіктігі қатар өріліп жатыр. Осындай мінездің бәрі оны Естайдың жүрегінде мәңгі қалған Қорлан етіп көрсетеді», — дейді Бибігүл Орынбасар.
Қойылымдағы көркемдік шешімдердің бірі — ұлттық таным мен символдық тілдің қатар қолданылуы. Қорланның ұзатылар сәтіндегі қызыл көйлек, ақ сәукеле, сахнадағы қар, шашылған парақтар, орындық, сандық, өткел секілді заттардың барлығы оқиғаның астарын тереңдетеді.
Қазақстандық театр режиссері, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясыныңпрофессоры М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының қоюшы-режиссері Әубәкір Рахмиов спектакльдегі осы символикалық тілді режиссерлік шешімнің маңызды қыры ретінде атап өтеді.
«Аруханның спектакльдерінің бір ерекшелігі — оның көп дүниені символ арқылы шешуге ұмтылатынында. «Қорланда» да сондай ізденіс бар. Орындық, сандық, өткел, мәтін, жамылғы — бұлардың бәрі жай ғана сахналық зат емес. Олардың әрқайсысының өзіндік мағынасы бар», — дейді ол.
Мәселен, Нұрмағамбетке қатысты жағдайды ашу үстінде сахнаға жан-жақтан ұшқан парақтардың түсуі — бір адамның аузынан шыққан сөздің ел ішіне қалай тарайтынын бейнелейді. Өсек бір жерде қалмайды. Бір ауыз сөз екінші ауызға жеткен сайын өзгеріп, түрленіп, ақырында адамның тағдырына айналуы мүмкін. Сахнадағы шашылған парақтар — осы құбылыстың көзге көрінген бейнесі.
Әубәкір Рахмиов спектакльдегі табиғи құбылыстардың да жай ғана сахналық эффект емес екенін атап өтеді.
«Мезгілді көрсету, дауылдың тұруы да жай эффект үшін жасалмаған. Оны түсінген көрермен астарынан Арманның астан-кестен болып, быт-шыт болып жатқанын аңғарады. Құснидың мәңгілікке құрбандыққа кетуі де белгілі бір символикалық шешімдер арқылы берілген», — дейді ол.
Ал сахнадан көргенін ғана емес, сезгенін алып қайту — қойылымның негізгі мұратының бірі.
«Сахнадағы заттың өзі бір бөлек, оның білдіретін ойы бір бөлек. Көрермен көзбен көргенінен гөрі көңілмен сезгенін алып қайтса, өнердің мақсаты орындалғаны. Сондықтан осы символикалық тілді әлі де тереңдете түсу керек деп ойлаймын», — дейді Әубәкір Рахмиов.
Қойылымдағы ерекше кейіпкерлердің бірі — Қожбан. Бұл рөлді Жоламан Жанабаев сомдайды. Қожбан — Құсни мен Қорланның бауыры. Режиссерлік шешімде ол аутизм спектріндегі бала ретінде таныстырылады. Бірақ актер кейіпкердің ерекшелігін сыртқы қимылмен ғана көрсетуге ұмтылмай, оның ішкі әлеміне енуге тырысқан.
Жоламан Жанабаев үшін бұл рөлдің орны бөлек. Өйткені Қожбан —оның сахнадағы алғашқы жұмысы.
«Мен үшін бұл — сахнадағы үлкен жетістіктерімнің бірі. Қойын дәптеріме ерекше атап жазып қоятындай еңбек болды. Өйткені бұл — менің сахнадағы алғашқы жұмысым», — дейді актер.
Дайындық барысында Қожбанның бейнесі актер үшін біртіндеп өзгере түскен.
«Дайындық барысындағы ізденіс пен кейіпкерді тереңірек тануға деген талпынысымның нәтижесінде ересек Қожбанның ішінен бала, пәк, періште Қожбанды тауып алдым. Оның денсаулығындағы ерекшелігі мен ішкі әлемінің тазалығы бұл кейіпкерді мен үшін бұрынғыдан да қымбат ете түсті», — дейді Жоламан Жанабаев.
Қожбанның тазалығы көрерменге де бірден жетеді. Оның әпкелерімен ойнауы, қалжыңдасуы, «бәріміз бақытты боламыз» деген сөзге баладай сенуі — кейіпкердің есепсіз, күдіксіз әлемін ашады.
Актердің айтуынша, әлеуметтік желіде жариялаған дайындық барысындағы бейнематериалдың бірі он жеті мыңнан астам қаралым жинап, сол жерде жазылған бір пікір оған ерекше әсер еткен.
«Бір көрермен өзінің де ерекше баласы бар екенін айтып, сахнадан өз баласын көргендей болғанын, жүрегінің өзгеше күйге түскенін жазыпты. Осы бір ауыз сөз мен үшін үлкен қолдауға айналды. Сол сәттен бастап Қожбанның мен үшін ғана емес, көрермен үшін де маңызды кейіпкер екенін түсіндім», —дейді ол.
Жоламан Жанабаев үшін Қожбанның сахнадағы тағдыры ата-анасына деген сағынышпен де астасқан.
«Бұл кейіпкерді сахнаға алып шығуыма түрткі болған ең үлкен мотивация — бақилық болған әкем мен анамның рухына деген құрметім еді. Олар да сол жеті жүз көрерменнің арасында болып, менің сахнадағы алғашқы қадамымды көрсе екен деп армандадым», — дейді актер.
Сұхбаттың соңындағы оның сөзі де спектакльдің өзегіндегі сағынышсезімімен үндеседі:
«Әке, Ана, сіздердің сары қозыларыңыз сахнаға шықты. Жоламан болып емес — жәннәттық Қожбан болып».
Ал Естай бейнесі екі құрамда екі түрлі сахналық тыныс табады. Бірінші құрамда Ілияс Шүкіман сомдаған Естай — байыпты, сабырлы, салмақты ер адам. Оның бойында өмірдің парқын түсінетін, сезімін сыртқа көп шығара бермейтін тұлғаның болмысы бар.
Екінші құрамдағы Нұрсұлтан Нажекенов сомдаған Естайдың табиғаты өзгеше. Ол — ойнақырақ, жеңіл ауралы, қыз баланың еркелігін көтере білетін, сері мінезді, сезімін ашықтау білдіретін кейіпкер.
Бір кейіпкердің екі актерде екі түрлі сипат табуы қойылымның қызықты тұстарының біріне айналған. Естайдың негізгі болмысы өзгермегенімен, сахналық тынысы өзгереді: бірінде салмақ басым болса, екіншісінде серілік пен еркіндік алға шығады.
Осы секілді екі құрамдағы екі Қорлан да бір-бірін қайталамайды.Гүлнафис Салыққызының Қорланы — ішкі еркіндігімен және өр мінезімен ерекшеленсе, Бибігүл Орынбасардың Қорланы — аңғал ақкөңілділігі, еркелігі мен өжеттігін қатар алып жүреді. Екі бейненің де өз табиғаты бар. Бірақ екеуін жалғап тұрған бір қасиет — шынайылық.
Қорланның жеңгесі Бағила да қойылымда біржақты кейіпкер ретінде берілмейді. Ел ішінде ол өсекші әйел ретінде қабылданғанымен, режиссер оның әрекетінің астарындағы себепке үңіледі. Оның Қорлан мен Естай арасындағы кездесуді үй ішіне айтуының түбінде біреуді қаралау емес, отбасының абыройын сақтау, «ел-жұртқа не бетімізді айтамыз?» деген қоғамдық қысымнан қорқу жатыр.
Бұл — адамды сыртқы мінезіне қарап бір-ақ ауыз сөзбен бағалаудың оңай, ал оның ішкі себебін түсінудің әлдеқайда қиын екенін көрсететін тұс. Бағила — өсек таратушы ғана емес, өз заманының салты мен қоғамдық пікірінің арасында қалған әйел.
«Қорланның» көркемдік қуаты да осында. Мұнда махаббат жеке бастың бақыты ретінде ғана емес, уақыт пен тағдырдың алдында сыналған адамдық өлшем ретінде көрінеді. Естай мен Қорланның сезімі арқылы режиссер халық жадында сақталған бір мұңды қозғайды. Сахнада екі адамның жүрегі сөйлегендей болғанымен, сол жүректің соғысы — тұтас ұлттың жүрегінің соғысы.
Қойылым аяқталғаннан кейін сахнада болған оқиғадан гөрі адамның өз ішінде қалған үн маңыздырақ сезіледі. Өйткені «Қорлан» — Естай мен Қорланның махаббаты туралы ғана емес, адамның жеке тағдыры мен халық тағдырының бір-бірінен ажырамайтынын көрсететін шығарма.
Тарихта талай адамның аты ұмытылды. Бірақ олардың көрген қайғысы, сүйгені, күткені, жоғалтқаны халық жадында қалды. Театрдың міндеті де —сол ұмыт қалған үндерді қайта естірту.
Арухан Темірбекқызының режиссерлік шешімдерінде Қорланның жеке басының қасіреті бірте-бірте ұлттық жадтың қасіретіне ұласады. Оның махаббаты — бір қыздың арманы ғана емес, уақыттан жеңілген талай арманның жиынтығы.
Қорланның тағдыры адамды тағдыр сынайтынын, заман өзгертетінін, уақыт алыстататынын еске салады. Бірақ рухын жоғалтпаған адам ғана өз тарихын сақтап қалады. Қорлан — сол сақталған рухтың аты. Ал Естайдың әні — сол рухтың ғасырлар бойы өшпей келе жатқан үні.
«Қорлан» арқылы «Алатау» дәстүрлі өнер театры бір махаббаттың тарихын ғана емес, халықтың жүрегінде қалған бір дәуірдің сырын сахнаға шығарды. Өйткені кейде бір адамның тағдырын айту — тұтас елдің тағдырын айту. Ал бір жүректің үнін есту — мың жүректің үнін естумен тең.


