Ақтөбе облысында жер қойнауын пайдаланатын компаниялардың салық заңнамасын бұзғаны анықталды. Олардың мемлекетке 1,2 млрд теңгеден астам салық төлемегені белгілі болды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Табиғат қорғау прокуратурасының тексеруі нәтижесінде 2022–2025 жылдар аралығында 127 келісімшарт бойынша салық міндеттемелері толық орындалмағаны анықталған.
Прокуратураның араласуынан кейін бюджетке 600 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұдан бөлек, 29 компания қосымша салық декларацияларын өз еркімен тапсырып, жалпы сомасы 250 млн теңге болатын салық міндеттемелерін көрсетті.
Қазір прокуратура қалған берешекті өндіріп алу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін салық қызметінің үш қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


