Алматыда қоғамдық көлікте пышақ алып, жолаушылардың үрейін алған ер адам 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Оқиға кезінде қорыққан жолаушылар полиция шақырған. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жедел жеткен.
Полицияның мәліметінше, ер адам тәртіп сақшылары келгеннен кейін де агрессивті мінез көрсетіп, олардың заңды талаптарына бағынбаған.
«Азамат өз әрекетін тоқтатпай, қарсылық көрсетті. Патрульдік полиция қызметкерлері оның заңсыз әрекеттерінің жолын кесіп, қолындағы пышақты алып қойды және полиция бөліміне жеткізді. 38 жастағы азаматқа екі әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Сот шешімімен құқық бұзушы 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


