Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында жалпы құны 9,2 млрд теңге болатын 20 су құбыры сумен жабдықтау кәсіпорындарының балансына берілмеген. Соның салдарынан 18,6 мыңға жуық тұрғын су желілеріне ресми түрде қосылып, мемлекет субсидиялайтын тарифпен су пайдалана алмай отыр, деп жазады QazNews.kz.
Бұл заңбұзушылықтар 2024 жылғы 1 қаңтар мен 2026 жылғы 1 сәуір аралығындағы бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің пайдаланылуына жүргізілген аудит кезінде анықталған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының тексеру комиссиясы хабарлады.
Аудиторлардың мәліметінше, 2021-2025 жылдары салынған 20 су құбыры жер телімдеріне қатысты құқық белгілейтін құжаттардың болмауына байланысты тиісті кәсіпорындардың балансына берілмеген.
Осыған байланысты тұрғындардың басым бөлігі су желілеріне бейресми түрде қосылып, сумен жабдықтау кәсіпорындары белгілеген тариф бойынша ақы төлеп отыр. Яғни оларға мемлекеттік субсидия қолданылмайды.
Тексеру барысында Қырсаново мен Кіші Шаған ауылдарына арналған құны 787,5 млн теңге болатын су құбырының да пайдаланылмай тұрғаны анықталған. Нысан пайдалануға қабылданғанымен, оны күтіп ұстауға жауапты ұйымға тапсырылмаған. Соның салдарынан ауыл тұрғындарына су жеткізу үшін қолданылмаған. Тексеру комиссиясы бұл шығындарды тиімсіз деп бағалаған.
Қырсаново ауылындағы су құбырын тексеру кезінде аудиторлар құжат бойынша төленген кейбір жұмыстар мен жабдықтардың іс жүзінде жоқ екенін, сондай-ақ келісілмеген ауыстырулар болғанын анықтады. Нәтижесінде 39,4 млн теңгені қайтару қажет деп танылған.
Бұдан бөлек, Жалын және Чувашинское ауылдарындағы су құбырларын салу кезінде сорғы жабдықтарының бағасы негізсіз көтерілген. Қосымша жұмыстарды ескере отырып, аудиторлар артық төлем көлемін Жалын ауылында 62,7 млн теңге, Чувашинское ауылында 46,6 млн теңге деп бағалаған.
2026 жылғы 1 шілдеде «Оралскводстрой» және «Батысгазстрой» компаниялары негізсіз алынған 148,7 млн теңгені облыстық бюджетке қайтарған.
Тексеру материалдары жобалаушының, сараптама ұйымының және техникалық қадағалау мекемелерінің жауапкершілігін қарау үшін Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарына жолданған. Сонымен қатар Павлодар облысының прокуратурасына хабар берілген.


