Агенттік мәліметінше, 2023–2024 жылдары компания «Ғылым қоры» АҚ-дан өсімдік шикізаты мен байытылған ұннан ерекше макарон өнімдерін өндіру жобасына төрт келісімшарт аясында 1,15 млрд теңге көлемінде грант алған, деп жазады QazNews.kz.
Алайда тексеру барысында сатып алынған жабдықтардың уәде етілген өнімді шығаруға мүмкіндік бермейтіні анықталған.
Тергеу нұсқасы бойынша, бөлінген қаражаттың бір бөлігі басқа компаниялар арқылы жабдықтар мен қызметтерге ақы төлеу түрінде шығарылған.
Мемлекетке келтірілген залал 945 млн теңгеге бағаланды.
Қазір компания директоры қамауға алынған. Сонымен қатар жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Оның ішінде бес жер учаскесі, төрт автокөлік, елордадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар бар.
Қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Ал соттың кінәлілік туралы үкімі шыққанға дейін күдікті кінәсіз деп есептеледі.


