Астананың халықаралық әуежайында Мәскеуден ұшып келген ұшақ жарылғыш зат туралы хабарламадан кейін тексерілді. Әуе кемесінің бортында бомба бар деген ақпарат расталмады, деп жазады QazNews.kz.
Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, әуежайға түскен хабарламадан кейін Мәскеу – Астана бағытындағы рейстің салоны тексерілген. Тексеру барысында жарылғыш құрылғылар мен басқа да тыйым салынған заттар табылмаған.
«Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Көлік полициясы департаменті.
Қазіргі уақытта көлік полицейлері жалған хабарлама берген адамның кім екенін анықтап, оны ұстау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.


