«І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы — ректор Ермек Бөрібаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс тұрғындары алдында есеп берді. Есептік кездесуге облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қала тұрғындары және Жетісу университетінің ұжымы қатысты, деп жазады QazNews.kz
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті 2024–2025 оқу жылында білім беру, ғылым және халықаралық ынтымақтастық бағыттарында тұрақты дамуын көрсетті. Университетте 800-ден астам профессор-оқытушы еңбек етеді, олардың 51 пайызы ғылыми дәрежеге ие. Ғылым докторлары, PhD, ғылым кандидаттарының үлесі жыл сайын артып келеді.
Білім беру қызметі аясында 117 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, жасанды интеллект, тау және альпілік экология, экономика және басқару сынды жаңа бағыттар ашылды. Студенттер саны 2024 жылы 5809-ды, 2025 жылы 6401-ді құрады. Түлектердің жұмысқа орналасуы 89 пайызды көрсетті.
Университет ұлттық және халықаралық рейтингтерде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі IQAA Ranking (НАОКО) жүргізген 2025 жылғы инстиуционалдық рейтинг нәтижелері бойынша ЖУ көпсалалы ЖОО арасында үздік 3-ке енді. «Атамекен» ҰКП рейтингі бойынша 10 білім беру бағдарламасы үздік ондыққа енсе, UI GreenMetric, QS Asia, Times Higher Education рейтингтерінде позициясы жақсарды.
ЖУ 85-тен астам шетелдік университеттермен ынтымақтастық орнатқан. Серіктес ЖОО ішінде 15 университет халықаралық рейтингтерде ТОП 1000-ға кіреді.
Білім ордасының оқытушы-ғалымдары гранттық және бағдарламалы нысаналы қаржыландыру аясында бірнеше бағыт бойынша 3.5 миллиардтан астам теңгенің ғылыми жобасы мен бағдарламасын орындап жатыр. Ғылыми салада «Jas Galym» жобалары, гранттық қаржыландыру көлемінің өсуі, патенттер мен авторлық куәліктердің алынуы университеттің ғылыми әлеуетін арттырды. Заманауи зертханалар, халықаралық кампустар мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары университеттің бәсекеге қабілеттілігін нығайта түсті.

Университетте қос дипломды білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарламалар аясында студенттер Алтай мемлекеттік, Пшасныш Лингвистика-техникалық, Поморск және Жилина университеттерінде магистратура бойынша, ал Марке университетінде бакалавриат бойынша білім алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылып, осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігі жүйелі жұмыс атқарды. Соның нәтижесінде Жетісу университетінің жанынан Италияның Марке политехникалық университетінің филиалы ашылды.
Қазіргі уақытта филиалда 27 студент білім алып жатыр. Бағдарламаны табысты аяқтаған түлектерге Италияның Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы бакалавр дипломы және Қазақстанның Ауыл шаруашылығы бакалавры дипломы беріледі.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті соңғы жылдары білім мен ғылымды дамытумен қатар, жастар саясаты мен әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарында кешенді жұмыстар атқаруда.
Жастардың азаматтық белсенділігін арттыру – университеттің басты басымдықтарының бірі. 2023–2025 жылдары жастар ұйымдары, волонтерлік қозғалыстар, спорттық және зияткерлік іс-шаралар саны едәуір өсті. Университет жастары облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде чемпион атанды.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында оқу корпустарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, демеушілердің қолдауымен жаңа нысандар салынды. Атап айтқанда, KAINAR-AKB аккумулятор зауытының демеушілігімен №3 оқу корпусындағы акт залы жаңғыртылуда, ал облыс әкімдігінің қолдауымен №2 оқу корпусы аумағы абаттандырылды.
2026 жылға арналған даму жоспарында ғылыми зерттеулерді кеңейту, инклюзивті орта қалыптастыру, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, халықаралық әріптестікті нығайту және студенттік өмір сапасын арттыру көзделген. Жоспарланған бағыттар бойынша жүргізілген жұмыстар университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу және әлеуметтік инфрақұрылым саласында тұрақты дамуға қол жеткізгенін көрсетті.
