Турин халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі, жазушы, Алаш сыйлығының иегері Арслан Койчиевтің «TURKTAV» тарапынан ағылшын тіліне аударылған «Бақсы және Шыңғыс хан» атты кітабының тұсаукесер іс-шарасы мен Итальяндық фотоөнер шебері София Лавровтың «Турин мен Бішкек: Екі шаһар — бір жүрек» атты көрмесі Туринде өтті, деп хабарлайды QazNews.kz
«Турин мен Бішкек: Екі шаһар — бір жүрек» атты көрмеде София қос қаланың ырғағы мен рухын фотосуреттері арқылы жеткізе білді. Бұл көрме бұған дейін Бішкекте Гүлзада Шаршеналиева ұйымдастырған іс-шара аясында Қырғызстанның Ұлттық бейнелеу өнері музейінде өнерсүйер қауымға ұсынылған болатын.
Италия мен Түркі әлемі арасындағы байланыстар терең тарихи тамырларға ие. Орта ғасырларда Марко Поло сынды Венециялық саяхатшылар мен дипломаттар Түркістан жері мен түркі халықтардың мәдениетін Еуропаға таныстырған.
ХХ ғасырда Италиядағы түркология зерттеулері дербес академиялық сала ретінде қалыптасты.
Агустино Зали, Алессио Бомбаччи және Джузеппе Стори сынды көрнекті ғалымдар түркі тілдері, жазу жүйелері мен әдеби мұрасына айтарлықтай үлес қосты.
Түркі тарихы және мәдениеті қоры (www.turktav.org ) көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемінің тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеп, Ұлттық және халықаралық деңгейдегі жобалар арқылы түркі халықтарының мәдени жады мен тарихи мұрасының құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады.
Қордың мақсаты — түркі жазушылардың еңбектерін Түркі дүниесінде ғана емес, күллі әлемге кеңінен таныту.
1988 жылдан бері өткізіліп келе жатқан және Италияның ең ірі, ал Еуропаның ең беделді кітап жәрмеңкелерінің бірі болып саналатын Турин кітап жәрмеңкесі жыл сайын әлемге танымал жазушыларды, баспагерлерді және әдебиет сүйер қауымды тоғыстырып, халықаралық мәдени өзара ықпалдастыққа елеулі үлес қосып келеді.