Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясынан фракция мүшесі Нұргүл Тау жұмыс сапарымен Алматы облысының Қарасай ауданына барып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 1500 орындық мектептің жұмысымен танысты. Мектептің ашылғанына көп уақыт болмағанымен, білім ошағы толық жабдықталған, оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Алайда, маңызды мәселе – тәжірибелі мұғалімдердің жетіспеушілігі.
Қаскелең қаласының іргесінде орналасқан жаңа мектепте оқу кабинеттерімен қатар, технологияларды өңдеу шеберханасы, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті де бар. Алайда мектеп басшылығының айтуынша, жаңа оқу орнына тәжірибелі ұстаздарды тарту қиын. Оларға уақыт қажет, осы мәселеге қатысты үміттерін білдірді.
Биыл облыста «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 7 мектеп пайдалануға берілген, соның 6-уы Қарасай ауданында. Мұндай мектептердің көптеп салынуының себебі — бұл ауданның халық тығыздығының жоғары болуында. Өйткені оқушылар саны жыл сайын өсіп келеді.
«Өңірдегі білім беру жүйесін жақсарту үшін жаңа мектептер өте маңызды. Бірақ, біз бұл мектептердің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тәжірибелі мамандарды тартуға бағытталған жұмыстарды күшейтуіміз керек», — деді депутат Нұргүл Тау сапар барысында.