Абай облысының Жарма ауданында рұқсатсыз алтын өндіріп келген тоғыз адам анықталды. Күдіктілер заңсыз кен қазу кезінде 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабатын бүлдірген, деп жазады QazNews.kz.
Заңсыз кен өндіру қалай жүргізілген?
Ведомство мәліметінше, күдіктілер Жаңғызтөбе кентінен шамамен 10 шақырым қашықтықта ешқандай рұқсат құжатынсыз алтын өндірген.
Олар құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтардың көмегімен өңдеген. Заңсыз жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келген.
Тексеру барысында аумақтан тереңдігі 15 метрге дейін жететін карьер табылды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының жалпы көлемі 12 мың текше метрден асқан.
Сонымен қатар кен өндіру салдарынан 4 мың шаршы метрден астам аумақтағы құнарлы топырақ қабаты зақымданған.
Қандай заттар тәркіленді?
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз алтын өндіруге қатысы бар тоғыз адам анықталды.
Оқиға орнынан кенді ұсақтауға және жууға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар жеті қап материал, екі металл іздегіш, екі тиегіш және бір экскаватор тәркіленді.
Қазір аталған дерек бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.


