Түркияның Измир провинциясындағы металлургия зауытында жарылыс болып, салдарынан 17 адам қаза тапты. Тағы 14 адам жарақат алды, деп жазады QazNews.kz.
Қайғылы оқиға 9 қарашада Измир провинциясының Алиага ауданында орналасқан HABAŞ Demir Çelik металлургия зауытында болған. Қатты жарылыстан кейін кәсіпорын аумағында өрт шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, зауыттағы жұмыс кезінде көпірлі кран үзіліп, өндірістік пештің үстіне құлаған. Сондай-ақ кранның құлауы газ құбырына зақым келтіруі мүмкін. Осыдан кейін жарылыс болған деген болжам бар.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыстың күші соншалық, жер сілкінісіне ұқсаған. Кәсіпорын аумағынан аспанға қою қара түтін көтерілген.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізуді тапсырған.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қылмыстық іс аясында бірнеше адам ұсталған. Қазір оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.


