Алматыда жолаушы әйелге дөрекілік танытқан такси жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол жеті тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп жазады QazNews.kz.
Оқиға кезінде әйел таксиге баласымен бірге отырған. Жол үстінде бала абайсызда көліктің салонын былғап алған. Бұған 53 жастағы «Яндекс.Такси» жүргізушісі ашуланып, жолаушыны балағаттай бастаған.
Көлік тоқтағаннан кейін жүргізуші сыртқа шығып, әйелмен сөзге келуді жалғастырған. Ол жанжал кезінде былапыт сөздер айтқан.
Әйел болған жағдайды ұялы телефонына түсіріп, полицияға арызданған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін полицейлер жүргізушінің жеке басын анықтап, оны ұстаған.


