Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Бұл Үкіметтің жаңа қаулысында көзделген, деп хабарлайды qaznews.kz.
Құжатқа сәйкес, егер азамат немесе оның отбасы Цифрлық отбасы картасында «А» (әл-ауқаты жоғары) немесе «В» (дәулетті) санатына жатқызылса, кейбір әлеуметтік төлемдер тағайындалмауы немесе бұрын тағайындалған төлемдер тоқтатылуы мүмкін.
Қандай жәрдемақыларға шектеу қойылуы мүмкін?
Жаңа тәртіп аясында мынадай төлемдерге шектеу енгізілуі ықтимал:
- бала тууына байланысты жәрдемақы;
- бала күтіміне байланысты төлемдер;
- көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
- мүгедектігі бар адамды күтуге арналған төлемдер;
- асыраушысынан айырылуға байланысты кейбір төлемдер;
- арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар және басқа да төлемдер.
Отбасының әл-ауқаты қалай бағаланады?
Отбасының қаржылық жағдайын анықтау кезінде табысы, тұрғын үйі, өзге де мүлкі, жұмыспен қамтылуы және кредиттік міндеттемелері туралы мәліметтер ескеріледі.
Сонымен қатар жәрдемақы алушы мен оның отбасының кәмелетке толған мүшелері жеке деректерін тексеруге келісім беруі керек. Егер мұндай келісім берілмесе, әлеуметтік төлем уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Қандай ерекшеліктер бар?
Жаңа тәртіпте кейбір төлем түрлеріне қатысты ерекшеліктер де қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы, асыраушысынан айырылуға байланысты кейбір төлемдер және арнайы санаттағы азаматтарға арналған бірқатар төлемдер бұл шектеулерден тыс қалуы мүмкін.


