Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан төрт адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qaznews.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, интернетте әскери қызметшінің аман қалғаны, оқиғаның кейбір жайттары жасырылып жатқаны және тағы бірнеше сарбаздың қаза тапқаны туралы хабарламалар тараған. Алайда Қорғаныс министрлігі бұл ақпараттардың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Тексеру барысында жалған мәлімет жариялаған төрт адам анықталған. Олардың екеуі әскери қызметшіге қатысты расталмаған ақпарат таратса, Шымкент пен Көкшетау қалаларының тұрғындары әскери қызметшілердің қаза болғаны жөнінде жалған хабарлама жариялаған.
Полицияның мәліметінше, құқық бұзушылардың бірі ақпаратты туыстарынан естігенін айтқан. Ал тағы бірі әлеуметтік желіден көрген хабарды тексерместен бөліскенін мойындаған.
Нәтижесінде сот шешімімен төрт азаматтың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.


