Бейсенбі, 24 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпМаңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде 9 сарбаз қаза тапты

Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде 9 сарбаз қаза тапты

Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 24 қыркүйекте Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюі салдарынан әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткен.

Алдын ала дерек бойынша, теңізге барлығы 19 әскери қызметші кеткен. Қазіргі уақытта олардың 9-ының қаза тапқаны белгілі болды.

Сондай-ақ үш әскери қызметші құтқарылған. Оның біреуі ауруханаға жеткізілген. Қалған сарбаздарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен техникасы шұғыл жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, авиация және басқа да тиісті құрылымдар тартылған.

Оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың жетекшілігімен арнайы комиссия аттанды.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына көңіл айтып, марқұмдардың туыстарына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

Ведомство іздестіру-құтқару жұмыстарының барысы туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын хабарлады.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр