Бейсенбі, 24 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпҚазҰУ Студенттер сарайы ғимаратының құлау себебін атады

ҚазҰУ Студенттер сарайы ғимаратының құлау себебін атады

23 қыркүйектен 24 қыркүйекке қараған түні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шатырдың ескі бөліктерін бөлшектеу жұмыстары жүргізілді. Университет бұл жағдай ғимараттың өздігінен құлауы емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Оқу орнының хабарлауынша, жұмыстар алдын ала бекітілген жоспар аясында және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып орындалған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген.

ҚазҰУ өкілдерінің айтуынша, Студенттер сарайы 1985-1998 жылдары салынған және ұзақ уақыт бойы кешенді күрделі жөндеуден өтпеген. Осыған байланысты 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимаратқа техникалық сараптама жүргізіп, бірқатар елеулі ақауларды анықтаған.

Сараптама барысында көтергіш және қоршау конструкцияларында кемшіліктер бары белгілі болған. Атап айтқанда, кейбір темірбетон элементтерінің жетіспеуі, коррозия, конструкциялардың деформациялануы, түйісу тораптарының зақымдануы, жекелеген бөліктердің салбырауы және шатырдағы металл конструкциялардың тозуы тіркелген.

Мамандардың сөзінше, бұл ақаулардың бір бөлігі әрлеу элементтерінің астында жасырын болғандықтан, олардың нақты жағдайын сырттай анықтау мүмкін болмаған.

Алғашында университет ғимаратты толық бұзбай, негізгі көтергіш конструкцияларды сақтай отырып жаңғыртуды жоспарлаған. Алайда демонтаж барысында қосымша жасырын ақаулар анықталып, бастапқы жоба қайта қаралған.

Соның ішінде шатырдың сәндік бөліктерін бөлшектеу кезінде бағандардың түйісу орындарында деформация белгілері мен кей конструкциялардың геометриялық өзгерістері байқалған. Сондай-ақ кейбір темірбетон элементтерін ашу барысында арматураның жеткіліксіздігі және бетон сапасына қатысты мәселелер анықталған.

Университеттің мәліметінше, бұл кемшіліктер жекелеген емес, жүйелі сипатта болғандықтан, қолданыстағы жобаны өзгерту қажеттілігі туындаған.

Алматының жоғары сейсмикалық аймақта орналасуы ескеріліп, ескі конструкцияларды кезең-кезеңімен бөлшектеп, олардың орнына жаңа Студенттер сарайын салу туралы шешім қабылданған.

ҚазҰУ жаңа нысанның тарихи сәулеттік келбетін сақтап қалуды көздеп отыр. Университет мәліметінше, жаңа ғимарат сыртқы бейнесі жағынан бұрынғы Студенттер сарайына ұқсас болады және сейсмикалық қауіпсіздік пен құрылыс талаптарына толық сәйкес салынады.

Сондай-ақ оқу орны қосымша зерттеулер мен техникалық шешімдердің өзгеруі жобаның мерзімі мен көлеміне әсер еткенін атап өтті. Дегенмен негізгі мақсат – студенттер, қызметкерлер және келушілер үшін қауіпсіз жағдай жасау.

24 қыркүйекте ҚазҰУ Студенттер сарайын қайта жаңғырту мәселесіне арналған арнайы ақпараттық кездесу өткізеді. Қауіпсіздік талаптарына байланысты журналистер құрылыс алаңына кіргізілмейді. Оның орнына университет тексеру және демонтаж жұмыстары кезінде түсірілген фото және бейнематериалдарды ұсынбақ.

Кездесу барысында университет өкілдері мен мамандар ғимараттың техникалық жағдайы, анықталған ақаулар және қайта жаңғырту тұжырымдамасының өзгеру себептері жөнінде ақпарат беріп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап береді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр