ҚазҰУ-да жаңа оқу жылының басталуына орай дәстүрлі «UIYM FEST» студенттік ұйымдар фестивалі өтті. Фестиваль университет табалдырығын жаңа аттаған жастарға қоғамдық өмірге араласуға жол ашты, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Іс-шара аясында студенттік ұйымдар өздерінің негізгі жобалары мен бастамаларын таныстырып, жаңа мүшелерді қабылдау жұмыстарын жүргізді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, фестивальге қатысушылар волонтерлік қызмет, дебат қозғалысы, әлеуметтік жобалар, студенттік өзін-өзі басқару, халықаралық ынтымақтастық және жастар саясаты бағыттарымен таныса алды.
Фестиваль әсіресе бірінші курс студенттері үшін маңызды. Себебі бұл кезеңде жастар жаңа ортаға бейімделіп, өз қызығушылықтарына сай достар мен серіктестер табуға ұмтылады.
«UIYM FEST» студенттердің көшбасшылық, ұйымдастырушылық және коммуникациялық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ұйымдарды бір алаңға жинайды.


