Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысына Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Тәжікстан және Ираннан көшіп келген 48 этникалық қазақ отбасы қоныстанды. Жалпы саны – 129 адам. Қандастарға мемлекет тарапынан көшуге арналған субсидиялар мен баспана сатып алуға 7 миллион теңге көлемінде сертификаттар беріледі. Алайда енді елімізде қандас мәртебесін алу талаптары өзгерді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Назерке Тасқұлованың айтуынша, Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақтар бірнеше кезеңнен өтуі тиіс.
– Қандас мәртебесін алуға үміткерлер қазақ тілін білу деңгейін тексеретін тест тапсырады, кейін сауалнамадан өтіп, әңгімелесуге қатысады. Алғашқы кезең – Қазтест. Үміткер тест сұрақтарының кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беруі керек. Сертификат алғаннан кейін сауалнама толтыру кезеңіне өтеді, – деді ол.
Сауалнама арнайы портал арқылы жүргізіледі. Жүйе үміткердің әлеуетін бірнеше көрсеткіш бойынша автоматты түрде бағалайды. Атап айтқанда, жасы, білімі, денсаулық жағдайы, кәсіби тәжірибесі және Қазақстандағы туыстарының болуы ескеріледі.
Қандас мәртебесін алу үшін үміткер кемінде 600 балл жинауы қажет.
Одан кейін мемлекеттік органдар тарапынан қосымша тексеру жүргізіліп, қорытынды әңгімелесу ұйымдастырылады.
Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар көші-қон үдерістерінің тиімділігін арттыру және ел экономикасына оң әсерін күшейту мақсатында енгізілген.


