Жұма, 18 сентября, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпАлматыда ақылы автотұрақ қымбаттауы мүмкін

Алматыда ақылы автотұрақ қымбаттауы мүмкін

Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифін қайта қарау ұсынылды. Қалалық мәслихат сессиясында таныстырылған жобаға сәйкес, тұрақ ақысы көлік жүктемесіне қарай сағатына 100 теңгеден 200 теңгеге дейін белгіленуі мүмкін, деп хабарлайды qaznews.kz.

Қазір Алматыдағы коммуналдық ақылы тұрақтардың барлығында бірыңғай тариф қолданылады – сағатына 100 теңге. Бұл баға 2016 жылы бекітілген және содан бері өзгертілмеген.

Жаңа жүйе бойынша тұрақ аймақтары сұраныс деңгейіне қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Көлік қозғалысы салыстырмалы түрде аз жерлерде тариф бұрынғыдай 100 теңге болып қалады. Орташа жүктемесі бар аумақтарда сағатына 150 теңге төлеу қажет болса, ең сұранысқа ие әрі орын тапшы орталық көшелерде тұрақ ақысы 200 теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Осылайша, ең жоғары тариф қазіргі бағадан екі есе қымбат болады.

Алматы қаласының Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, бірыңғай тариф тұрақ орындарының босауын қамтамасыз ете алмай отыр. Әсіресе қала орталығында жүргізушілерге бос орын табу қиындаған.

Әкімдік дерегіне сәйкес, Алматы көшелерінде қатынайтын көлік саны 1 миллионнан асып кеткен. Соның салдарынан жүргізушілер тұрақ іздеуге көбірек уақыт жұмсап, бұл өз кезегінде жол желісіне қосымша салмақ түсіреді.

Жоба авторлары жаңа тарифтік жүйе тұрақ орындарының айналымын арттырып, ең көп жүктеме түсетін көшелердегі көліктердің ұзақ уақыт тұрып қалуын азайтады деп есептейді. Сондай-ақ тұрақ іздеуге кететін уақытты қысқартып, екінші қатарға қойылған көліктер санын азайтуға және қала орталығындағы көлік жүктемесін төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар ақылы тұрақ аймақтарында тұратын алматылықтар үшін қолданыстағы жеңілдіктер сақталады. Тұрғындар арнайы рұқсат рәсімдеп, үйінің маңындағы ақылы автотұраққа көлігін тегін қоя алады. Басқа да жеңілдік санаттары үшін қолданыстағы тәртіп өзгермейді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр