Алматы облысының Райымбек ауданында туристік нысандарға апаратын 95 шақырым жол жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Бұл туралы аудан әкімі Дастан Құдабаев хабарлады. Аудан әкімінің сөзінше, инфрақұрылымның жаңаруы Шалкөде, Шұбартал, Байынқол және Көккемер жайлауына кедергісіз жетуге мүмкіндік береді. Соның арқасында тұмса табиғатты тамашалауға келетін туристер саны да артады. Кәсіпкерлікті дамытып, жергілікті халықтың табысын арттыруға оң ықпал етеді.
Мәселен, Көккемер жайлауындағы сұлулығы жан тербететін туристік нысанның бірі – теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан Текес сарқырамасы. Жергілікті халық Күркілдек деп те атайды. Сарқырама қарағайлы орманмен көмкеріліп, жасыл-желекке оранған таулы аймақтың ажарын ашып, сәнін келтіріп тұр. Нысан «Нарынқол орман шаруашылығы» мекемесінің қарамағында. Күн санап бұл жерге қызығушылық танытатындар саны артып келеді. Алдағы уақытта туристер аталған аумаққа оңай жете алады. Себебі Көккемер жайлауының кіреберісіндегі 21 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Ол үшін 10 техника мен 25 қызметкер жұмылдырылған. Бүгінде жұмыстың 30% атқарылды. Келесі жылы толығымен аяқталады, — дейді Дастан Құдабаев.
Одан бөлек атақты Шалкөде жайлауының кіреберісіндегі автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы қолға алынды. Жалпы ұзындығы – 32,5 шақырым. Қазіргі уақытта 26 шақырым жол негізі дайындалды және 10 су өткізгіш құбыр ауыстырылып, 4 шақырым асфальт жабыны төселді. Бүгінде жөндеу жұмысының жартысынан көбі орындалды. Дастан Құдабаевтың сөзінше, ол жыл соңына дейін тәмамдалады.
Шұбартал жайлауы да – туризмді дамытуға ыңғайлы таптырмас аймақ. Мұнда ұзындығы 28,5 шақырым болатын жол салыну үстінде.
Көркі көз тұндырар тағы бір нысан – Байынқол аңғары. Бүгінде 13 шақырым жолдың орташа жөндеуі 30%-ға бітті. Сонымен қатар жол бойында арнайы автотұрақ қарастырылған. Жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Бұл игі жұмыстар туризмі түлеп келе жатқан Райымбек ауданының дамуына серпін береді. Сапалы жол – аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі мен туризмді тұрақты ілгерілетудің кепілі, — дейді аудан басшысы.


