Павлодар облысындағы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде шыққан өрт екі тәуліктен кейін оқшауланды. Бұл туралы 16 қыркүйекте өңірлік төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Әзірге Павлодар облысының Жаңатілек ауылдық округі мен Баянауыл ұлттық паркінің жекелеген аумақтарында өрт ошақтары сақталған.
Құтқарушылардың айтуынша, өртті сөндіруге таулы жер бедері мен кейбір аумақтардың қолжетімсіз болуы қиындық туғызуда. Сонымен қатар екпінді жел жалынның таралу қаупін күшейтіп, жағдайды тұрақты бақылауды талап етеді.
Өртті ауыздықтауға Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері, «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті, Баянауыл ұлттық паркі, «Ертіс орманы» мекемесі, Баянауыл ауылының еріктілері жұмылдырылған. Жалпы саны 100-ге жуық адам мен 35 техника, сондай-ақ екі тікұшақ тартылған.
Бұған дейін өрт орнында жедел штаб құрылып, жағдайды үйлестіру жұмыстары қолға алынған болатын.


