Ақтөбеде әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында былапыт сөздер айтып, қорлайтын ишаралар көрсеткен блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің қызметкерлері TikTok желісіндегі тікелей эфирлердің біріне назар аударған. Эфир кезінде блогер қыз балағат сөздерді жиі қолданып, көрермендерге әдепсіз қимылдар көрсеткен.
Полицейлер стримердің жеке басын анықтап, оның 26 жастағы Ақтөбе тұрғыны екенін белгілі болды.
Құқық қорғау органдары бұл әрекетті ұсақ бұзақылық және интернет кеңістігінде қоғамдық тәртіпті бұзу деп бағалап, материалдарды сотқа жолдаған.
Сот шешімімен блогер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция әлеуметтік желілер де көше немесе қоғамдық орындар секілді көпшілікке ашық кеңістік екенін еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, сөз бостандығы заң талаптарын бұзуға немесе өзге адамдарды қорлауға құқық бермейді. Интернеттегі балағат сөздер, арандатушылық әрекеттер мен әдепке жат мінез-құлық әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.


