Қазақстанда Telegram мессенджерінің жұмысы уақытша қиындап, кейбір пайдаланушылар қосымшаға кіре алмай қалған. Осыған байланысты «Қазақтелеком» АҚ ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Компанияның мәліметінше, мамандар Telegram сервисінің қолжетімділігі шектелгенін тіркеген. Сонымен қатар Франкфурт пен Мәскеудегі негізгі халықаралық пиринг нүктелерінде Telegram бағытындағы трафик көлемі күрт төмендегені анықталған.
Алайда «Қазақтелеком» инфрақұрылымында ешқандай апат, техникалық ақау немесе өзге де бұзушылықтар тіркелмеген. Компания желісі қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Мәселенің нақты себебін анықтау үшін оператор Telegram-ның әкімшілік-техникалық командасына ресми сауал жолдаған.
«Telegram өкілдерінен жауап алынғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі», – деп хабарлады компания.
Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі де мессенджердің жұмысына қатысты қиындықтардың бар екенін растады.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта Telegram-ға қол жеткізе алмау мәселесіне байланысты жекелеген пайдаланушылардан шағымдар түсіп жатыр. Мамандар жағдайды зерттеп, ақаудың себебін анықтап жатыр.
Әзірге Telegram жұмысындағы іркілістің нақты неден болғаны ресми түрде хабарланған жоқ.


