Алматы облысында күйеуіне пышақ жарақатын салды деп айыпталған әйелге қатысты қылмыстық іс бойынша ақтау үкімі шықты, деп хабарлайды Qaznews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 1 мамырда ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал туындаған. Тергеу нұсқасы бойынша, жанжал кезінде әйел асүй пышағымен күйеуінің жүрек тұсына соққы жасаған. Ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Бұл іс қоғамда кең талқыланған болатын. Бұған дейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде әйелдің ұзақ уақыт бойы отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы мәліметтер тараған. Алайда соттың ресми хабарламасында бұл ақпараттар дәлелденген мән-жай ретінде көрсетілмеген.
Қылмыстық істі Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты алқабилердің қатысуымен қарады. Алқабилер әйелдің кінәсі дәлелденбеді деген шешімге келіп, оны кінәсіз деп таныған.
Осы вердикт негізінде сот ақтау үкімін шығарып, айыпталушыны қамаудан босатты.
Сондай-ақ жәбірленуші тараптың моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабы да қанағаттандырылған жоқ.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енбеген.


