Сейсенбі, 11 августа, 2026
spot_img
Басты бетБасты тақырыпСәтбаев университеті мен KITECH халықаралық ғылыми орталықты іске қосудың соңғы кезеңін талқылады

Сәтбаев университеті мен KITECH халықаралық ғылыми орталықты іске қосудың соңғы кезеңін талқылады

5 тамыз күні Сәтбаев университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мейрам Бегентаев Кореяның өнеркәсіптік технологиялар институтының (KITECH) басшылығымен кездесті. Басқосудың негізгі мақсаты Металлургия және кен байыту институтының базасында құрылатын Халықаралық сирек және жерде сирек кездесетін металдар орталығын іске қосуға дайындықтың соңғы кезеңдерін пысықтау болды, деп хабарлайды Qaznews.kz.

Кездесу барысында тараптар Орталықтың ресми ашылуына қажетті ұйымдастырушылық, ғылыми-техникалық және инфрақұрылымдық мәселелерді жан-жақты талқылап, алдағы жұмыстардың нақты бағыттарын айқындады. Сонымен қатар бірлескен ғылыми зерттеулер бағдарламасын қалыптастыру, заманауи зертханалық инфрақұрылымды дамыту, ғылыми кадрлар даярлау, технологиялар трансферін жүзеге асыру және Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жоба аясында Металлургия және кен байыту институтының базасында стратегиялық маңызы бар минералдар саласындағы Қазақстан мен Корея Республикасының ғылыми әлеуетін тоғыстыратын халықаралық зерттеу орталығы құрылады. Болашақта бұл орталық іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізетін, тәжірибелік-өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыратын, сирек және жерде сирек кездесетін металдарды өндіру мен терең өңдеудің заманауи технологияларын әзірлейтін, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандар даярлайтын жетекші ғылыми алаңға айналмақ.

Кездесу барысында сөз сөйлеген Сәтбаев университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мейрам Бегентаев аталған жобаның Қазақстан ғылымы мен өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

– Халықаралық сирек және жерде сирек кездесетін металдар орталығын құру бұл жаңа ғылыми жобаны іске асыру ғана емес, еліміздің технологиялық болашағына бағытталған маңызды инвестиция. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қолдауымен кореялық әріптестерімізбен бірге ғылымды, инновациялық технологияларды және жаңа буын мамандарын даярлауды бір арнаға тоғыстыратын бірегей орталық қалыптастырып жатырмыз. Бұл орталық халықаралық ғылыми жобалардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, жоғары технологиялық металлургияның дамуына, еліміздің ғылыми әлеуетінің артуына және Қазақстанның стратегиялық маңызы бар минералдардың әлемдік нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Мейрам Бегентаев.

Кездесу қорытындысында тараптар жобаны практикалық кезеңге көшіруге толық дайын екендерін растады. Қатысушылардың пікірінше, Халықаралық сирек және жерде сирек кездесетін металдар орталығы ғылым, білім және өндірістің өзара байланысын нығайтатын маңызды платформаға айналып, Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы ғылыми-технологиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтереді.

Бұл бастама халықаралық сенім мен ғылыми ынтымақтастықтың нақты нәтижесі. Ол еліміздің ғылыми әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жас ғалымдар мен инженерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, Қазақстанды жоғары технологиялар мен инновациялар орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр