Жұма, 19 июня, 2026
spot_img
Басты бетQAZNEWS TVСәтбаев университеті Қытай ЖОО ынтымақтастықты күшейтеді

Сәтбаев университеті Қытай ЖОО ынтымақтастықты күшейтеді

Сәтбаев университеті мен Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп жазады QazNews.kz

Сәтбаев университетінде Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығы өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге Бас консул мырза Су Фанцю бастаған делегация қатысты. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім, ғылым және инженерлік кадрлар даярлау салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады.

Кездесуде құттықтау сөз сөйлеген Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев Қытайдың университет үшін негізгі халықаралық серіктестердің бірі екенін атап өтті.

Бүгінде университет Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты белсенді дамытып, академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда. Сонымен қатар бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға қолайлы жағдайлар жасауда.
«Сәтбаев университеті қытайлық университеттермен, компаниялармен және ғылыми зертханалармен ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын. Әсіресе энергетика, автоматтандыру, IT және жасанды интеллект бағыттары біз үшін аса маңызды. Бұл университетіміздің стратегиялық даму бағыттарының бірі. Біз бірлескен зерттеу орталықтарын құруға, қолданбалы жобаларды жүзеге асыруға және екі елдің технологиялық болашағын қалыптастыратын жаңа буын инженерлерін даярлауға мүдделіміз», — деді Мейрам Бегентаев.

Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндіктерін де қарастырды.

Қазіргі уақытта Сәтбаев университеті Қытай Халық Республикасының 15-тен астам жетекші университетімен ынтымақтастық орнатқан. Олардың қатарында City University of Hong Kong, Xi’an Railway Vocational and Technical Institute, Nanjing University және басқа да беделді жоғары оқу орындары бар.

Тараптар серіктестікті одан әрі дамыту Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуға, халықаралық деңгейдегі жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға, сондай-ақ технологияның басым бағыттары бойынша бірлескен зерттеулерді кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр