Алматы тауларында бір турист қаза тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, деп жазады QazNews.kz
22 ақпанда таңертең Титов асуында 3400 метр биікте екі турист қар астында қалып қойған. Олардың біреуі өздігінен шыға алған.
«Оқиға орнына Алматы қаласы ТЖД 23-әмбебап құтқару бөлімшесінің құтқарушылары, «Барыс» РММ қызметкерлері, кинологиялық жасақ пен еріктілер дереу жіберілді. Іздестіру-құтқару операциясы барысында ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қар астынан қаза тапқан адамның денесі шығарылды», — деп жазылған ТЖМ хабарламасында.
Айта кетейік, оқиға орнында полиция қызметкерлері, құтқару қызметінің психологтары жұмыс істеген.
ZTB NEWS-тің хабарлауынша, қаза тапқан азаматша – Almaty Management University (ALMAU) университетінің 1-курс студенті. Ол бар-жоғы 19 жаста болған. Құтқарушылар оның денесін сағат 12:55-те, яғни апаттан шамамен үш сағат өткен соң тапқан.


