Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026
spot_img
Басты бетСпортБоксшы Еркебұлан Шынәлиевті қорқыту ісінде Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуінің аты аталды

Боксшы Еркебұлан Шынәлиевті қорқыту ісінде Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуінің аты аталды

Бокстан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиевтің басына тапанша тақап, жалған ақпарат айтуға мәжбүрлеген адамның кім екені анықталды.

Белгілі болғандай, спортшыға қысым көрсеткен азамат, желіде «Нойс» есімімен танымал Нұржан Иманәлиев. Ол айтыскер ақын әрі блогер Айнұр Тұрсынбаеваның қазіргі күйеуі,  деп жазады QazNews.kz «Ertenmedia.kz»— ке сілтеме жасап.

Спортшы Еркебұлан Шынәлиев Түркияда басынан өткен қорқынышты жағдайды егжей-тегжейлі баяндап берді.

Айтуынша, 2025 жылы мамыр айында Нұржан Иманәлиев пен Шыңғыс Мұқашев оны бапкерлік жұмыспен Ыстамбұлға шақырып, он күндей бірге жұмыс істеген.

Кейін елге қайтқан соң Шыңғыс Мұқашев қайта-қайта хабарласып, Қазақстандағы бірнеше адамның аяқ-қолын сындыруға тапсырыс беруге тырысқан.

«Маған бірнеше мәрте хабарласып, ақша ұсынып, адамға зиян келтіруімді сұрады. Мен ондай лас іске араласпайтынымды айтып, бас тарттым», – дейді боксшы.

Осыдан кейін, биыл қаңтар айында Еркебұланды жаттықтырушылық мәселе бойынша ақылдасуға тағы да Түркияға шақырады.

Ыстамбұлға келген бойда оны қаладан 150-200 шақырым жерде орман ішіндегі бір ғимаратқа апарып, қоқан-лоққы көрсеткен.

«Мені бір ғимаратқа апарды да, басыма тапанша тақады. Әбден қорқып, не айтып, не қойғанымды білмей қалдым. Бір қағаздар көрсетіп, өзімді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің агентімін деп мойындауға мәжбүрледі. Сол сәтте мені видеоға түсіріп, жалған үндеу жаздырды. Қасымда Қырғызстаннан қашып келген сақалды жігіттер жүрді. Кейін аман-есен елге оралдым», – дейді Шынәлиев.

Спортшының пікірінше, арандатудың артында Нұржан Иманәлиев пен Шыңғыс Мұқашевтың Түркиядан саяси баспана алу жоспары тұруы мүмкін.

Нұржан Иманәлиев қылмыс әлемінде «Нойс» деген лақап атпен танымал. Ол атышулы Арман Жұмагелдиевтің («Дикий Арман») ең жақын серіктесі әрі оң қолы болған. Қазіргі таңда Түркияда тұрып жатыр.

Ұқсас жазбалар

Оқылып жатыр