Алматыда автобус жүргізушісі қайтыс болды, деп жазады QazNews.kz
«Алматыэлектротранс» ЖШС мәліметінше, оқиға №92 автобуста болған. 25 қаңтарда сағат 14:35-те диспетчерлік қызметке №92 автобус жүргізушісінің денсаулығы кенет нашарлағаны туралы хабарлама түскен.
«Оқиға Абай даңғылы мен Сайын көшесі қиылысында болды. Жолаушылардың бірі жедел әрекет етіп, жүргізушінің кабинасына кіріп, тежегішті басып, қауіптің алдын алды», — деді ЖШС өкілдері.
Жолаушылар шұғыл жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына келген дәрігерлер жүргізуші қайтыс болғанын анықтаған. Алдын ала диагноз — миокард инфаркті.
Оқиға орнына Әуезов ауданы жол полициясы басқармасының қызметкерлері келген.
«Автобусқа техникалық зақым келмеген, жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ», — деп жазылған хабарламада.


