АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэланы елдің 51-ші штатына айналдыру идеясын тағы да көтерді. Ол бұл туралы Техаста сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Сөзінің тікелей эфирі YouTube желісіндегі Magno News арнасында көрсетілді, деп хабарлайды qaznews.kz.
Трамптың айтуынша, Венесуэланың АҚШ құрамына қосылып, гүлденген штатқа айналуы мүмкін.
«Бәлкім, бір күні немесе жақын арада Венесуэла гүлденген 51-ші штатқа айналатын шығар. Бұл әбден мүмкін. Ендеше, осыны жүзеге асырайық. Венесуэланы 51-ші штат етейік. Сонда президент сайлауының орнына губернатор сайлауын өткіземіз. Бұған қалай қарайсыздар?» – деді АҚШ басшысы.
Айта кетейік, Трамп Венесуэланы АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру идеясын биыл мамыр айында да айтқан болатын.


