20 қаңтар күні Шымкентте Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Апат арты жаппай төбелеске ұласып, қайғылы жағдаймен аяқталды. Бұзақылық және адам өлімі фактілері бойынша іздеуде болған күдіктілер ұсталды, деп жазады QazNews.kz
Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам анықталып, ұсталды.
«Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасуда», — делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қаңтарда 40 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды, тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry көлігі бағдаршамның қызыл түсінде тоқтап тұрған Hyundai Sonata автокөлігімен соқтығысқан. Hyundai тізгінінде қала тұрғыны, 34 жастағы Н.Ешанқұлов болған.
Жол апатынан кейін ер адамдар арасында жанжал шыққан. Toyota Camry ішіндегі адамдарға Lexus LX 570 көлігімен келген тағы төрт белгісіз азамат қосылған. Ауызша кикілжің төбелеске ұласып, оның барысында М.Көшкенбаевтың мойнына пышақпен сұғылған-кесілген жарақат салынған. Ол ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар Н.Ешанқұлов пен В.Колесников та дене жарақатын алған.
Оқиғадан кейін белгісіз адамдар В.Колесниковты күштеп Toyota Camry көлігіне отырғызып алып кеткен. Кейін полиция қызметкерлері Camry мен Lexus автокөліктерін тауып, жәбірленушінің ВАЗ-2114 көлігіне ауыстырылып, Ордабасы ауданы бағытына әкетілгенін анықтаған.
Кешкі сағат 19:00 шамасында Темірлановка ауылындағы орталық аудандық аурухананың маңынан В.Колесниковтың денесі түрлі дене жарақаттарымен табылды.


